Дәрігер қабылдауына жазылу жеңілдейді

Қазақстанда емханаларда дәрігер қабылдауына жазылу тәртібін жеңілдету жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі енгізілетін өзгерістер пациенттердің медициналық қызметке қол жеткізуін жақсартуға бағытталғанын хабарлады.

Жаңа жүйе бойынша дәрігер қабылдауына жазылу кестесі кемінде 30 күн бұрын ашылуы тиіс. Сонымен қатар емханалар бос қабылдау уақыттарын негізсіз жаба алмайды. Кестеге өзгерістер тек тиісті ресми құжаттар болған жағдайда ғана енгізіледі.

Бұдан бөлек, емханалардың тіркеу бөлімдері мен байланыс орталықтары базасында пациенттерге көмектесетін арнайы қызмет құру көзделген. Оның мамандары азаматтарға қажетті дәрігерді таңдауға және қабылдауға жазылуға жәрдемдеседі.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта бейінді мамандардың қабылдауын күту мерзімі орта есеппен екі аптаға дейін созылады. Бірыңғай кесте жүйесін әзірлеуді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Одан кейін «Дәрігердің қабылдауына жазылу» мемлекеттік қызметі де жаңартылады.

Жаңа өзгерістер дәрігер қабылдауына жазылуды қолжетімді әрі ашық етіп, пациенттердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»