Медицинадағы жаңғыру: қолжетімділік пен сапа

Халықтың денсаулығын сақтау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, кадрлық әлеуетті күшейту және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл міндеттер Қарағанды облысында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталып отыр.

Саладағы оң өзгерістердің бірі – алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру. Бұған дейін тұрғындар жалпы практика дәрігеріне қаралу үшін ұзақ уақыт кезек күтуге мәжбүр болса, бүгінде бұл мерзім екі-үш күнге дейін қысқарған. Мұндай нәтижеге емханалардағы жұмыс үдерісін оңтайландыру және цифрлық сервистерді дамыту арқылы қол жеткізілуде.

Медициналық ұйымдардағы жүктемені азайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы практика дәрігерлерінің қабылдау уақыты төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұзартылып, бұған дейін дәрігер атқарып келген бірқатар күнделікті жұмыстар мейіргерлерге берілді. Кейбір бағыттарда дербес мейіргерлік қабылдау да енгізілуде.

«Ең алдымен, халық үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға басымдық беріліп отыр. Емханалардағы кезекті азайту және жалпы практика дәрігерлерінің шамадан тыс жүктемесін төмендету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Реформалардың нәтижесінде дәрігерлердің қабылдау уақытын ұзартуға мүмкіндік туды. Бұған дейін дәрігерлер атқарған көптеген күнделікті функциялар қазір мейіргерлерге беріліп, кейбір бағыттар бойынша дербес мейіргерлік қабылдау енгізілді», – дейді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов.

Медицинаны цифрландыру да саланың жұмысын жеңілдетіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Өңірдегі шамамен 9 мың дәрігер «ALIMA» жүйесіне қосылған. Электронды жүйе арқылы пациенттің медициналық тарихын жүргізуге, ем тағайындауға және оның нәтижесін бақылауға болады.

Цифрлық сервистердің тағы бір артықшылығы – электронды рецепт жүйесі. Бүгінге дейін 11 миллионнан астам электронды рецепт рәсімделген. Дәрігер препаратты электронды түрде тағайындаса, пациент дәрі-дәрмегін дәріханада QR-код арқылы ала алады. Бұл медициналық қызметті барынша ыңғайлы әрі ашық етуге бағытталған.

Мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіру бағытында да маңызды жобалар қолға алынған. Ел көлемінде облыстық көпбейінді және балалар ауруханаларын жаңартуға бағытталған реновация бағдарламасы іске асырылуда. Оның аясында 19 облыстық көпбейінді аурухана, 15 балалар ауруханасы және 19 облыстық перинаталдық орталық қамтылған.

«Мамандандырылған көмекті дамыту аясында елімізде медициналық ұйымдарды реновациялау бағдарламасы жүргізілуде. Бұл ең алдымен сұранысы жоғары бағыттар бойынша төсек-орын тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов.

Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы кезеңде бірқатар препараттың бағасы орта есеппен 15-26 пайызға төмендеген. Бұл дәрі-дәрмек бағасын реттеу және дәрі жеткізу тізбегіндегі негізсіз үстемелерді азайту шараларымен байланысты.

Сонымен қатар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдау үшін 1439 бірыңғай жедел желісі жұмыс істейді. Алдағы уақытта оның қызметіне жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланған. Виртуалды операторлар мен чат-боттар өтініштерді өңдеу уақытын қысқартып, тұрғындарға қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі нәтижесі халықтың өмір сүру сапасы мен ұзақтығынан көрінеді. Қарағанды облысында өмір сүру ұзақтығы 74,5 жасқа жетіп отыр. Ал ел бойынша бұл көрсеткіш алғаш рет 75 жастан асты.

Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу міндетін қойған. Осы мақсатқа жету үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, аурудың алдын алу, заманауи технологияларды енгізу және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Қарағанды облысында қолға алынған жобалар медициналық көмекті тұрғындарға барынша жақындатуға, оның сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Заманауи ауруханалар, цифрлық сервистер, жаңартылған медициналық технологиялар мен қолжетімді дәрі-дәрмек – халық денсаулығын нығайтуға арналған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»