Конституциялық реформалар – ел дамуының жаңа кезеңі

Қарағанды қаласы әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясына енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған ақпараттық кездесу өтті. Жиында конституциялық реформалардың негізгі бағыттары, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі және азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызы кеңінен талқыланды.

Кездесуде Конституцияның қалыптасу кезеңдеріне шолу жасалып, 1993 және 1995 жылдардағы Ата заңнан бастап бүгінгі реформаларға дейінгі құқықтық өзгерістердің ел дамуындағы рөлі сөз болды. Мамандардың айтуынша, соңғы конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқару тетіктерін жаңғыртуға, билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтуға және қоғамның мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Жаңартылған Конституцияда Президенттің бірқатар өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің ықпалын күшейту, Конституциялық Соттың мәртебесін арттыру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктерін енгізу секілді маңызды жаңашылдықтар көрініс тапқан.

– Конституциялық реформалардың басты мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті күшейту. Елдің өркендеуі әрбір азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты, – деді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Шүкіржан Құлжанбек.

Жиында адам құқықтарын қорғауға қатысты жаңа конституциялық нормаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ұсталған азаматқа оның құқықтарын дереу түсіндіруді көздейтін «Миранда қағидатының» енгізілуі, адвокатураның конституциялық мәртебесінің бекітілуі, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі жеке деректерді қорғау тетіктерінің күшейтілуі талқыланды.

Сонымен қатар білім беру саласын дамыту, балалардың әлеуметтік кепілдіктерін кеңейту және адам капиталын нығайту мәселелері де қозғалды. Сарапшылар ғылым мен білімге инвестиция салу елдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.

– Ғылым мен адам капиталын дамытуға басымдық беру – бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастырудың және елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырудың маңызды алғышарты, – деді Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев.

Кездесу қорытындысында қатысушылар Конституцияға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейту, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру және Қазақстанның орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыру екенін атап өтті. Мұндай ақпараттық кездесулер тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, конституциялық реформалардың мәні мен маңызын кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»