«Алғашқы жұмыс орны, алғашқы табыс және туған қалаға деген жауапкершілік». Қарағандыда жастарды қалай жұмыспен қамтып жатыр?

Қарағандыда «Жасыл ел» бағдарламасы бүгінде жазғы маусымдық жұмыс қана емес, жастардың еңбек жолындағы алғашқы қадамын жасауына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жобаға айналды. Бағдарлама арқылы жастар алғашқы ресми жұмыс тәжірибесін жинақтап, еңбек тәртібіне бейімделіп, туған қаласының көркеюіне өз үлестерін қосуда. Биыл жоба жаңа бағыттармен толықты: жұмысқа қабылдау үдерісі толық цифрландырылды, ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған жұмыс орындарының саны еселеп артты және аулаларды абаттандырумен айналысатын экопатрульдер құрылды. Бағдарламаның биылғы ерекшеліктері мен жастарға беріп отырған мүмкіндіктері туралы Қарағанды қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Якуб Джамалов айтып берді.

 

– Якуб Хамидович, биыл «Жасыл ел» жобасында қандай жаңашылдықтар енгізілді?

– Биылғы басты өзгеріс – жобаның жұмысы заман талабына сай жаңғыртылды. Қатысушылар саны өткен жылғы деңгейде сақталды. Биыл да екі мың жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз.

Ең маңызды жаңалық – өтінім қабылдау, еңбек шартын жасау және жұмыс уақытын есепке алу үдерістерінің толық цифрландырылуы. Соның нәтижесінде қағазбастылық айтарлықтай азайып, жастар үшін жұмысқа орналасу әлдеқайда қолжетімді әрі ашық бола түсті.

Сонымен қатар инклюзивті бағыт айтарлықтай кеңейді. Өткен жылы ерекше қажеттілігі бар небәрі жеті жасты жұмыспен қамтысақ, биыл бұл көрсеткіш 150 жұмыс орнына дейін ұлғайтылды.

Бұдан бөлек, Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарында жұмыс істейтін бес экопатруль құрылды. Сондай-ақ жануарлар күтіп-бағылатын қалалық питомниктерде пилоттық жоба ретінде жаңа жұмыс орындары ашылды.

 

– Биыл қанша жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр?

– Жалпы жыл қорытындысы бойынша екі мың жасты жұмыспен қамту көзделген. Жаздың алғашқы айында 744 жас еңбек етсе, шілде айында тағы 711 жас жұмысқа кірісті.

Бағдарлама аясында әлеуметтік жағынан осал санаттағы жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда жұмыспен қамтылғандардың 600-ден астамы көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан жастар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары және өзге де әлеуметтік осал топ өкілдері.

 

– Бағдарлама қатысушылары қандай жұмыстар атқарады?

– Бүгінде «Жасыл ел» жасақтары қаланың 13 нысанында еңбек етіп жатыр. Олар саябақтар мен гүлзарларды, аулаларды абаттандыру жұмыстарымен айналысады.

Жастар кездейсоқ шашылған қоқысты жинайды, ағаштардың түбін әктейді, қураған жапырақтарды тазалайды, гүл отырғызып, оларды суарады, сондай-ақ ағаш отырғызу акцияларына белсенді қатысады.

Қалалық жылыжайда 25 жас гүл көшеттерін өсірумен айналысады. Кейін бұл гүлдер Қарағандының қоғамдық орындарын көгалдандыруға пайдаланылады.

 

– Демек, бұл бағдарлама жастарға тек табыс табуға ғана емес, тәрбиелік мәні бар жобаға да айналып отыр ғой?

– Дәл солай. Біздің басты мақсатымыз – жастарға уақытша жұмыс тауып беру ғана емес, оларды еңбекке баулу.

Бағдарлама барысында жастар ұжымда жұмыс істеуді, тәртіпке бағынуды, ортақ мақсатқа бірге қол жеткізуді үйренеді. Олар жаңа достар тауып, түрлі тимбилдингтер мен тәрбиелік іс-шараларға қатысады.

Сонымен қатар біз «Адал азамат» қағидатын жастар арасында кеңінен насихаттаймыз. «Тазалық – әр адамның өзінен басталады» деген ұстанымды қалыптастыру – негізгі міндеттеріміздің бірі.

Сол себепті биыл экопатрульдер қала аулаларында жұмыс істей бастады. Өкінішке қарай, тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігі дәл осы аулаларда жиналады. Біз тұрғындарға қаланың тазалығы әр азаматтың жауапкершілігі екенін көрсеткіміз келеді.

 

– Ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған жұмыс орындарының неге көбейтілгенін айтып өтсеңіз?

– Бүгінде ерекше қажеттілігі бар жастардың жұмысқа орналасуы оңай емес. Көптеген жұмыс беруші олардың еңбек етуіне қажетті жағдай жасай бермейді.

Сондықтан біз бұл бағытты күшейтуді жөн көрдік. Біздің мақсатымыз – осы жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін алуына, өз еңбегімен табыс табуына және қоғамға белсенді араласуына мүмкіндік беру.

Қуантарлығы – бұл бастама жастардың өздері тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды. Сондықтан алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыс орындарының санын одан әрі көбейтуді жоспарлап отырмыз.

 

– Бағдарламаның алғашқы нәтижелері қандай?

– Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар. Мәселен, экопатрульдердің күшімен қала аулаларынан 500-ден астам қап қоқыс шығарылды.

Ал жылыжайда өсірілген гүл көшеттері қаланың түрлі аумақтарына отырғызылып жатыр.

Ең бастысы – жастардың өздерінің көзқарасы. Олар бұл мүмкіндікті өте жақсы қабылдайды. Көпшілігі үшін бұл – өміріндегі алғашқы ресми жұмыс орны.

 

– Бағдарлама жастар арасында қаншалықты сұранысқа ие?

– Сұраныс өте жоғары. Маусым айына өтінім қабылдау басталғанда небәрі бір жарым сағаттың ішінде 800 өтінім қабылданды.

Ал шілде айындағы қабылдау кезінде 700 бос жұмыс орны бар болғаны 25 минуттың ішінде толық жабылды.

Бұл – жастардың бағдарламаға деген қызығушылығының өте жоғары екенін көрсетеді.

 

– «Жасыл ел» бағдарламасының жастар үшін басты пайдасы неде?

– «Жасыл ел» – Қазақстанда 14 жастан бастап ресми түрде еңбек етуге мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама.

Осы жерде жастар алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтайды, еңбек тәртібіне бейімделеді, жұмыс уақытын бағалауды, ұжыммен жұмыс істеуді үйренеді. Бұл олардың болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына үлкен негіз болады.

 

– «Жасыл елден» бөлек, Қарағанды қаласының әкімдігі жастарды жұмыспен қамту бағытында тағы қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Қарағанды қаласының әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығы жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Жастар орталыққа жүгініп, мемлекеттік бағдарламалар, жастар тәжірибесі, бос жұмыс орындары, кәсіптік даму мүмкіндіктері жөнінде кеңес ала алады. Мамандар әрбір жасқа лайықты бағыт ұсынып, жұмысқа орналасу жолында жан-жақты қолдау көрсетеді.

 

– Әңгімеңізге рақмет!

– Сіздерге де рақмет! Жастарымыздың еңбекке араласып, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

Бүгінде «Жасыл ел» – жай ғана жазғы жұмыс емес. Бұл – жастардың алғашқы еңбек мектебі, жауапкершілікті қалыптастыратын орта және өз қаласының дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба. Қарағанды қаласы әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығының бірлескен жұмысының нәтижесінде мыңдаған жас алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, тұрақты жұмысқа бастар жолын табуда.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»