Қолөнерге айналған аула: тірі өнер кеңістігі

Қарағанды қаласындағы Штурманская көшесінің бойында орналасқан бір аула бүгінде қарапайым тұрмыстық кеңістік емес, нағыз ашық аспан астындағы арт-галереяға айналған. Мұнда жүрген әр адам еріксіз тоқтап, жануарлар мүсіндері мен ерекше композицияларға назар аударады. Бұл – зейнеткер, бұрынғы алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі әрі дене шынықтыру мұғалімі Серік Әбішев еңбегінің нәтижесі.

Серік Әбішев бірнеше жылдан бері өз ауласын көркем кеңістікке айналдырып, қолынан шыққан ондаған мүсін арқылы тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлап келеді. Оның туындыларының қатарында арыстан, керік, түйе, түрлі құстар бейнесі бар. Әр мүсіннің өз тарихы, өз мәні бар.

– Бәрі бірден бола салған жоқ. Алғаш жасаған мүсіндерім құлап қалатын. Кейін олардың қаңқасын мықты сыммен бекітіп, іргетасын нығайттым. Қазір нәтижесін көріп отырсыздар. Балалар жүгіріп келіп, мүсіндермен суретке түсіп, мәз-мейрам болады. Солардың қуанышын көргенде, өзімнің де барлық шаршағаным басылады, – дейді Серік Әбішев.

Ол 2011 жылы Жәйремнен Қарағандыға көшіп келген. Өмір жолында түрлі қиындықтарды бастан өткеріп, жақын адамынан айырылғаннан кейін де еңсесін түсірмей, жаңа өмірге қадам жасаған. Уақыт өте келе қазіргі жұбайымен бірге ауланы абаттандыруды қолға алып, қолда бар материалдардан шағын архитектуралық мүсіндер жасауды әдетке айналдырған.

– 2016 жылы зейнетке шыққан соң, осы кісімен тағдырымыз тоғысты. Екеуміз де үйде бос отырмай, не істейміз деп ойланып, осындай мүсіндер жасауға кірістік. Ол кісі – өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған адам. Қазір де тоқтамай еңбек етіп келеді. Жаз бойы балалар мен ата-аналар келіп, ауламызды тамашалайды, – дейді Күләш Багисова.

Аулада жасалған әр туынды тек сәндік элемент емес, тұрғындар арасында түрлі әңгімелер мен нанымдарға да себеп болған. Мәселен, ақ дегелек мүсініне қатысты оқиға көршілер арасында ерекше ырымға айналған.

– Бұл мүсін тура менің тереземе қарап тұрады. Бір күні таңертең қарасам, алдымда ақ дегелек тұр. Сол кезде “маған жақсы хабар келетін шығар” деп ойладым. Екі күннен кейін қызымның аяғы ауыр екенін білдік. Содан бері бұл мүсінді жақсылықтың нышаны деп санаймыз, – дейді Лариса Барцева.

Бүгінде бұл аула тек тұрғындар үшін емес, қала қонақтары үшін де ерекше тартылыс нүктесіне айналған. Балалар ойнайтын, ересектер тынығатын, ал қонақтар фотоға түсетін бұл кеңістік – қарапайым еңбек пен шынайы сүйіспеншіліктің жемісі.

Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар қала келбетін көркейтіп қана қоймай, көршілік татулық пен қоғамдық мәдениетті де нығайтады. Штурманская көшесіндегі бұл аула – соның жарқын дәлелі.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»