Тіл үйретудегі табанды еңбек

Қарағанды қаласында ұстаз Ольга Тим ұзақ жылдар бойы мемлекеттік тілді оқыту ісімен айналысып келеді. 20 жылдан астам тәжірибесі бар педагог өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйретіп, оны кеңінен насихаттауға үлес қосып жүр. Оның еңбегі өңірде мемлекеттік тілдің қолданысын арттыруға бағытталған.

Ольга Тим Осакаров ауданына қарасты қазақ ауылында дүниеге келіп, сол ортада тәрбиеленген. Бұл орта оның қазақ тілін еркін меңгеріп, ұлттық дәстүр мен мәдениетті терең тануына үлкен ықпал етті. Ұстаздық мамандықты саналы түрде таңдаған ол бүгінде білім беру саласында 20 жылдан астам уақыт бойы жемісті еңбек етіп келеді.

– Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен қазақ тіліне ерекше қызығушылық таныттым. Уақыт өте келе осы пән бойынша ұстаз болуды мақсат етіп, өз таңдауымды нақты анықтадым. Сонымен қатар, менің екі үлкен әпкемнің де педагог мамандығын таңдауы бұл шешіміме үлкен әсер етті, – дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ольга Тим.

Тәжірибелі педагог сабақ кезінде түрлі көрнекі материалдар мен тиімді әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады. Оқушылармен үнемі қазақ тілінде сөйлесуге мән береді, өйткені тілді меңгерудің ең тиімді жолы – тұрақты тәжірибе екенін жақсы түсінеді. Оның еңбегін шәкірттері мен ата-аналар жоғары бағалап, ерекше құрмет көрсетеді.

– Ольга Германқызы өз мамандығына адал, тәжірибелі ұстаз ретінде танылған. Ол қазақ тілін кеңінен насихаттап, мектеп ұжымында мемлекеттік тілде қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Біз оны жоғары білікті маман әрі адамгершілігі мол жан ретінде құрметтейміз, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Елена Малхасян.

Ольга Тим Достық үйі жанындағы қазақ тілі клубының жетекшісі болып қызмет атқарады. Бұл орталықта әртүрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренуге мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта клубта 20-ға жуық тыңдаушы қазақ тілін меңгеріп жүр.

– Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ел ішіндегі бейбіт өмір мен тұрақтылық – қоғамның ең басты құндылықтарының бірі. Бұл әрбір азамат үшін ерекше маңызды болып табылады, – деп атап өтті Ольга Тим.

Ольга Тимнің отбасы көпұлтты құрамымен ерекшеленеді. Әулет ішінде қазақ халқының салт-дәстүрі мен құндылықтарына үлкен құрмет көрсетіледі. Балалары мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, күнделікті өмірде қазақша еркін сөйлейді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»