Жас өнертапқыштардың жарысы

Қарағанды облысында жас өнертапқыштар мен робот техникасына қызығатын оқушылар бас қосқан Dosimetricrobot – 2026 облыстық байқауы өтті. Ерекше форматта ұйымдастырылған жарыста қатысушылар төтенше жағдайлар кезінде адамның орнына жұмыс істей алатын құтқарушы-роботтардың жобаларын ұсынды. Байқаудың басты мақсаты химиялық немесе радиациялық қауіпті аймақтарда жұмыс істеуге арналған заманауи құрылғылардың прототиптерін әзірлеу. Мұндай роботтар адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларда қашықтан барлау жүргізіп, қауіп деңгейін анықтап, құтқарушылардың өмірін сақтауға көмектесуі тиіс.

Шараны Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңірлік білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар оқушылардың техникалық қабілетін дамытып қана қоймай, инженерлік ойлау мен практикалық шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ерасыл Сайпаш байқаудың негізгі идеясын түсіндірді. Оның айтуынша, басты назар төтенше жағдайда адамды алмастыра алатын тиімді робот құрастыруға аударылған.

– Басты идея химиялық заттардың төгілуі сияқты төтенше жағдайларда адамды алмастыра алатын роботтың прототипін жасау болды. Ол қашықтан өлшеу жүргізіп, аумақты тексеріп, қауіп деңгейін анықтауы тиіс. Бұл құтқарушыларды зақымданған аймаққа жібермеуге мүмкіндік береді және олардың өміріне төнетін қауіп-қатерді азайтады, – деді Ерасыл Сайпаш.

Байқауға облыстың әр өңірінен жеті команда қатысты. Алғашқы кезеңде қатысушылар өз жобаларын қорғап, роботтардың техникалық сипаттамалары мен мүмкіндіктерін таныстырды. Оқушылар құрылғылардың жұмыс істеу қағидаларын, қолданылған жабдықтарды және төтенше жағдайларда атқаратын қызметтерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Жарыстың тәжірибелік бөлімі арнайы жабдықталған полигонда өтті. Мұнда роботтар түрлі кедергілерден өтіп, шартты түрде қауіпті аймақта жұмыс істеу қабілетін көрсетті. Құрылғыларға зардап шеккен адамды іздеу, аумақта өлшеу жүргізу және операторға мәлімет жеткізу секілді тапсырмалар берілді.

Сайыс қорытындысы бойынша Шахтинск қаласындағы Оқушылар сарайының командасы үздік болды. Екінші орынды Қарағанды қаласының Оқушылар сарайы иеленсе, үшінші орын ақпараттық технологиялар бағытындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командасына бұйырды.

Жеңімпаз атанған команданың роботы барлық сынақтан сәтті өтті. Құрылғы дозиметриялық жабдықтарды жеткізіп, шартты қауіпті аймақта өлшеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар робот кедергілер жолағынан сенімді өтіп, операторға тұрақты бейнебайланыс орнатқан. Роботтың техникалық мүмкіндіктері де ерекше назар аудартты. Оның құрамында жарықтандыру жүйесі, манипулятор, бейнекамера және бір шақырымға дейін қашықтан басқару функциясы қарастырылған. Бұдан бөлек, құрылғы зардап шеккен адамды анықтаған жағдайда арнайы дабыл белгісін береді. Сынақ барысында робот тегіс емес жерлерде де тұрақтылық пен жоғары қозғалу қабілетін көрсетті.

Жобаны жүзеге асыруға 8-10-сыныптарда оқитын бес оқушы мен екі педагог қатысқан. Команда жетекшісі, Шахтинск қаласындағы Оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогі Яков Морозов бұл байқау оқушылар үшін үлкен тәжірибе болғанын атап өтті.

– Байқаудың ерекшелігі оқушылар мен педагогтер үшін кең конструкторлық мүмкіндіктер қарастырылған. Менің сегіз жылдық жұмысымда алғаш рет осындай ауқымды жобаға қатыстым. Бұл адамдарға нақты пайда әкелетін құрылғы жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнда дербес инженерлік шешімдер қажет, бұл өз идеяларын жүзеге асыруға жол ашады, – дейді Яков Морозов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауда ұсынылған техникалық шешімдер болашақта практикалық қолданысқа енгізілуі мүмкін. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар департаменті осы жобалардың негізінде өнеркәсіптік үлгідегі құрылғылар жасап, оларды шынайы жағдайларға жақын ортада сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Мамандар мұндай роботтарды көлік апаттары кезінде немесе қауіпті химиялық заттар төгілген жағдайда қолдану мүмкіндігін қарастыруда. Болашақта сынақтар сәтті аяқталған жағдайда, бұл құрылғылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына енгізілуі ықтимал.

Ералы ҒАНИ,

«QH»