Қарағанды жылу маусымына қалай дайындалуда?

Қарағанды билігі алдағы жылу маусымында үшінші жылу нүктесін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ол Оңтүстік-Шығыстағы жаңа ғимараттарды сапалы жылумен қамтамасыз етіп, бұрыннан бар желілерді жеңілдетуі керек. Жұмыс аяқталуға жақын.  

Жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрайтын құбыр 3-ЖЭО-нан Оңтүстік-Шығысқа дейін жалғасады.

– Бізде 30 жыл бойы мұндай жоба болған емес. Биыл оны аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Төрт сорғы стансасы мен барлық қажетті құрал-жабдық орнатылды, қазір іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 3 шақырым желіні орнату қалды. Биыл Оңтүстік-Шығыс нысандарын жаңа жылу жүйесінен қуаттап, қаланың да үстемесін азайтпақпыз. Осыған орай біз осы күнге дейін қосымша жылуды алудың жоқтығынан көпқабатты үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысын жасанды түрде тежеп отырғанбыз, – дейді Қарағанды ​​қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Қаланың жылу беру маусымына дайындығы және жылу желілерінің қайта жаңғыртылуымен журналистер қауымы арнайы ұйымдастырылған пресс-тур барысында танысты.

– Қарағандының негізгі жылу көздері саналатын 1-ЖЭО және 3-ЖЭО-да бүгінде барлық ағымдағы жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Үш қазандық пен екі турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлердің қазандықтары жөнделіп, көмір сатып алуда. Биыл жоспар бойынша 31 шақырым жылу желілері ретке келтірілмек. Желілерді гидравликалық сынау кезінде ақаулар анықталды. Олар жойылғаннан кейін қайта тексеру жүргізіледі. Қалада инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асырылуда. Мәселен, Пришахтинск шағынауданына қарасты Шахтёр кентінде 31 жыл бойы жылу болмаған, биыл 33-ке жуық үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Рүстем Қожақапанов. – Шамамен қыркүйектің 15-і мен 20-сы аралығында жылу маусымын бастау үшін қаланың желілерін толтырамыз.

Қазіргі таңда 29 шағынауданда – «Арай» базарынан Карбышева көшесі, 5-ке дейін блокішілік желілерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс маусым айында басталып, жобаны жылу маусымының басына дейін аяқтау жоспарлануда. Жылу магистралі 15 жылдан астам уақыт пайдаланылуда, соған орай апатты жағдайлар жиі орын алған. Магистральдан жылу 33 көпқабатты тұрғын үй мен 4 әлеуметтік-мәдени нысанға («СарыАрқа» кинотеатрына, №66 орта мектепке, «Жұлдыз» балабақшасына, Қарағанды ​​университетіне және оның жатақханаларына) келеді. Жылу магистралінің жалпы ұзындығы 1,36 шақырымды құрайды, бүгінде жұмыстың 75 пайызы орындалған. Жоба жылу құбырын ұлғайтуға және жылу шығынын азайтуға бағытталған.

Келесі жоба – екі жылдық жоба (2023-2024 жж.) – №10 жылу магистралін қайта жаңғырту. Ол биыл аяқталады. Магистраль Оңтүстік-Шығыстың көп бөлігін қамтамасыз етеді. Ескі желілер 73 пайызға тозған, апаттардың жиі орын алуынан жылу беру маусымының үзілу қаупі туындады. Бүгінгі күні жұмыс 95 пайызға орындалған. Өткізу қабілеті ұлғайтылды – диаметрі 700 мм құбырлардың орнына 920 мм мырышталған құбырлар төселді. Гидравликалық сынақтар қыркүйек айында өтеді деп жоспарлануда.

Мердігерлердің жұмысына кепілдік мерзімі 5 жылдан кем емес. Олар осы уақыт ішінде барлық кемшілікті өз қаражаттары есебінен түзетуі керек.

Жалпы Қарағандыда жылу беру маусымына дайындық кестеге сай жүргізілуде, әрі бұл мәселе қала билігінің қатаң бақылауында.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»