200 Адам қызмет ететін кен орны консервацияланады

Қарағанды облысының Қушоқы кенті маңындағы 200-ден астам адам қызмет ететін кеніш консервацияланбақ. Бұл — жұмыс белгісіз мерзімге тоқтатайды деген сөз. Одан кейін қайта жандана ма, жоқ па, ол да белгісіз. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кен орнының қойнауындағы көмір 70 жылға жуық уақыт ашық шахта әдісімен игеріліп, қазір тиімсіз болып қалған. Жұмыс беруші қызметкерлерді вахталық әдіспен кенттен 100 шақырым қашықтықтағы басқа орынға ауыстырмақ. Бірақ жергілікті тұрғындар бұл шешімге келіспей отыр.

Серіктестікке қарасты кеніште жұмыс істеп нәпақасын тауып жүрген жұмысшылардың 200-ге жуығы — жергілікті Қушоқы кентінің тұрғындары. Олар үшін кеніштің тоқтатылуы жайсыз жаңалық болып отыр. Мысалы, осында 1979 жылдан бері жұмыс істеген Рамиль Хайрулин зейнет жасына жете бергенде қайда барарын білмей дал. «Қазір біз тәулігіне 50 вагон көмір өндіреміз. Бұрын бұл көрсеткіш 200 вагонға дейін баратын. Кеніш жабылса, кент тұрғындарына қиын болайын деп тұр. 5 қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар қаңырап қала ма деп қорқамыз. Маған да зейнетке шығуға 5–6 жыл ғана қалды. Вахтаға барып 15 тәулік жатып істеу мүлде ыңғайсыз», — дейді ол.

Қушоқы көмірінің тоннасы 5 000 теңге шамасында сатылады. Басшылық өндіріс өзін-өзі ақтамайды деп шешіпті. Оның үстіне, көмір қорының да небары 4,5 миллион тоннасы қалған. Оның тең жартысы өндірісі қиын үйінділер астында көрінеді. «Бұрын кенішке қарасты болған барлық коммуналды қызмет қазір Бұқар жырау ауданы әкімдігінің балансына өткен. Қазір біз ешқандай коммуналды шаруашылыққа жауапты емеспіз. Ал өз жұмысшыларымызды жұмыспен қамту бойынша жауапкершіліктен қашпаймыз, яғни басқа жұмыс ұсынып, айлығын төлеп отыруға кепілдік береміз. Жол мен жатар орын да біздің мойнымызда», — дейді «Kazakhmys Coal» ЖШС басшысы Денис Ситников.

Осыған қарамастан басшылық 20-ға жуық адамды алдағы жарты жылда жұмысқа орналастыра алмайтынын айтқан. Өзге ондаған адам консервацияланған орында жұмыста қалады. Басшылық қалған басым көбін вахталық әдіске ауыстыруды шешкен. Бұл тарапта кәсіподақ та қауқарсыз. «Жұмыссыз қалғандардың көбі — инженерліктехникалық жұмыскер. Әлбетте, біз өз тарапымыздан пайда болған ваканттық орынға оларды жұмысқа алуын талап етеміз. Бұл жерде еңбек заңнамасы қатаң сақталуы тиіс», — деп үміттеніп отыр «Еңбек» салалық кәсіподақ төрағасы Сергей Тысевич.

Бір қызығы, аудан және кент әкімдерінің өзі бұл жағдай туралы бір апта бұрын білген. Не себепті билік басындағылардың кеш құлағдар болғаны белгісіз. «Kazakhmys Coal» серіктестігі — аудандағы ірі салық төлеушілердің бірі. Жылына 40 миллион теңгеден астам салық төлейтін. «Енді кент тағы да аудан мен облыстық бюджетке жалтақтайтын болды», — дейді жергілікті әкім. Оның пікірінше, әкімдік биылғы бюджетті жоспарлап қойған. Бюджетті жоспарлауда разрез салығына бірқатар іс-шара жоспарлап, жарық шамдар орнатамыз деп шешіпті. «Енді олардың барлығын қайта қарауға тура келеді. Ал келер жылы датациялық тұрғыда аудан мен облыс бюджетінен қаржы сұраймыз», — деп отыр Қушоқы кентінің әкімі Халил Рыспеков.

Бұл жағдай 4 мыңнан астам халқы бар Қушоқы кенті мен оның тұрғындары үшін қиын болатын түрі бар. Себебі кент кезінде дәл осы қала құрушы ұйымның жұмысымен қатар құрылған. Жергілікті халық ірі кеніш консервацияланса, көптеген әлеуметтік нысандар қаңырап қала ма деп те қорқады.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»