Жыр болған «Трилистник»

«Отбасы банкі» арқылы баспанаға қаржы жинаушылар саны бойынша республикада Қарағанды облысы көшбасшылардың бірі. Тек Қарағандыда 97 636 адамның депозиті бар. Олардың ішінде 7 мың салымшы ипотеканың алғашқы жарнасын төлеуге қаражат жинаған. Алайда нарықта салымшыларды қанағаттандыратын үйлер аз. Жаңадан салынған үйлер жетіспейді, әрі пәтерлердің шаршы метрінің бағасы 140 мың теңгеден жоғары. Дегенмен, пәтер жарнасын толық төлегендер де баспананың кілтін алуға зар болып жүр.

Қарағандыдағы «Трилистник» тұрғын үй кешенінің келешек тұрғындарынан  маза қашқан. Мұндағы  4-үйдегі болашақ көршілер бүгінде таныс емес, туыстай болып кетті. Олардың ортақ проблемасы — баспана. Тұрғындардың біразы жылдар бойы баспана кезегінде тұрып, пәтер жалдап қажығандар  болса, енді бірі  жаңа үйден баспаналы боламыз деп өз пәтерін сатып жібергендер. Олар күткен жаңа үй құрылысы сағызша созылуда, наурызда барлық жұмыс аяқталып, үй  қолданысқа беріледі деген уәде бар. Алайда, бұл соңғы уәде болмай шықты. Ақша салып, төлем қабілеттерін өткен жылы дәлелдеп, өз пәтерлерінің нөміріне дейін алған тұрғындар ұзаққа созылған құрылыс салдарынан үйсіз жүр. Үмітінен күдігі көбейген көптің бірі «Трилистник» тұрғын үй кешеніндегі 4-үй салымшысы Зарина Тілеуберлинова.

«Біз  осы айда кіреміз деп  үміттенген үйдің құрылысы бітер түрі жоқ. Бұл нысанға алғаш келгенде бәрі жобаға сай, жақсы жүріп жатты. Одан кейін келгенде жоғарыдан аққан суды көрдік, сылақтар құлап, құрылыс қарқыны саябырсып қалғаны байқалды,–деп қапаланды Зарина.

Тұрғындар алдамшы  үмітпен құрылыс басына апта сайын келіп, әркез тасбақа тірлікті көріп көңілдері құлазып қайтады. Тұрғындардың кейбірі «Отбасы банкіне» қажетті жарнаны да салып қойған. Қайсы бір салымшылар тіпті толық төлем жасап, тек пәтер құжаттарын рәсімдеп, қолына алуды күтіп жүр. Мердігердің мәнсіз жұмысынан қажыған жұрт, әкімшілік бірлесе отырып әрекет етер деп үміттенеді.

Наразы тұрғындар құрылыс басына жиналып әкімшілік мамандары мен құрылысқа жауаптылармен жүздесуден жалығар емес. Тек әр кездесуден таулары шағылып қайтады.

«Біз нысандағы жұмыс барысын барынша қадағалауда ұстаймыз. Қазір 24-25 қабаттарда дәлізде, сатыда, лифтіде соңғы реттеу жұмыстары жүруде. Одан бөлек бірқатар ұсақ жұмыстар бар. Бұл үй құрылысын биылғы жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Одан кейін құжаттық жұмыстар бар. Әділет қызметіне тіркету тағы, басқа сол сияқты шаруалар. Тұрғындар сенімі аяқталады деген үміттемін»,-дейді құрылыс бөлімі басшысы міндетін атқарушы Нұрлан Әбжанов.

Осылайша Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасымен берілер қолжетімді баспана «қол жетімсіз» болып отыр. Өткен жылдың қазан айында төлем қабілетін құжаттай растаған салымшылар  енді қайтадан төлем қабілетін талап етсе, өтпей қаламыз ба деп  қауіптенеді. Бірақ, қала әкімі  Ермағанбет Бөлекпаев  өзінің есептік кездесуінде бұл мәселеге нүкте қойды.

«Біз «Отбасы банкімен» келісімсөз жасаттық. Төлем қабілетін қайта растау рәсімі тұрғындар иігіліне шешілетін болады. Мәселе тұрақты бақылауда»,-деді шаһар басшысы.

Қала әкімі «Трилистник» кешеніндегі  төртінші үй мәселесін тікелей қадағалап отыр. Өткен сенбіде Ермағанбет Бөлекпаев «Трилистник» тұрғын үй кешені пәтер иелерімен арнайы жүздесіп қайтты.

«Аталмыш тұрғын үй кешенінен пәтер алғанмын. Мердігер қазан айында қоныстой жасайсыздар деп сөз берген. Уәде орындалмағандықтан, әкімдікке арыз түсірдік. 27 қаңтарда мердігер әкімнің алдында 1 ай уақыт сұрағандықтан, тағы күттік. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Мен отбасыммен әлі күнге дейін пәтер жалдап жүрмін. Құрылысшылардың әкімге, бізге берген сөздерінде тұрмайтыны ашу туғызады»,-дейді Ардақ  Темірбекұлы.

Мердігер әкімнің алдында үйді жақын уақытта аяқтап, тапсыруға уәде берді.

«Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 1344 қарағандылық 2012 жылдан бері Қарағанды төрінен жайлы пәтер алу үшін отбасылық табыстарының қомақты бөлігін ай сайын «Отбасы банкіне» депозитке құйып келеді. Ал үйдің қашан тапсырылатыны белгісіз.

Әсел Құсайынқызы