Жыр бәйгесі мәресіне жетті

Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы «Қасіретті ҚарЛАГ» тақырыбында республикалық жыр мүшәйрасын ұйымдастырған-ды. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Облыстық өлкетану музейінде жыр бәйгесі қорытындыланып, жүзден жүйрік шыққан ақындар марапатталды.

– Бұрын онжылдықтар бойы Нұрлан Дулатбеков зерттеп, Ғалым Жайлыбай «Қара орамал» атты ғажап поэма жазған. Одан кейін ешкім аяқ баспаған тақырып қой. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Қытай мен Моңғолиядан өлеңдер келіп түсті. Жалпы, жобасы жетпіс ақын қатысты. Үш поэма келіп түсті. Арасында төрт аяғын тең алған жорғадай қалыптасқан ақындар да, аяғын тәлпеңдетіп басқан жас талаптар да бар, – дейді ҚР Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы.

Ақындардың мүшәйраға келіп түскен өлеңін талдап, үздіктерді анықтаған қазылар алқасының құрамында «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Серік Ақсұңқар мен Ғалым Жайлыбай, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов пен Жансая Жарылғапов және ақын Жанат Жаңқашұлы болды.

Қазылар алқасының шешімімен шығарылған қорытынды:

Мирас Асан (Астана) бірінші орын;

Ұмтыл Зарыққан (Астана) екінші орын;

Кеңесбай Нұрбек (Павлодар) үшінші орын.

Ал Назгүл Бердіқожаға (Қызылорда) арнайы жүлде және Олжас Қасым, Батырлан Сағынтай, Ерік Нарын, Дмитрий Пхенда, Сезім Мергенбайға ынталандыру сыйлығы табысталды.

Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»