Журналистикаға арналған жарты ғасырға жуық ғұмыр

Қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосып, ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын қаламгерлік қызметке арнаған Сағат Батырханова 70 жасқа толды. Мерейтойға орай әріптестері мен шәкірттері бас қосып, ардагер журналистке құрмет көрсетті. Жиында оның кәсіби жолы, салаға сіңірген еңбегі және жас мамандарды тәрбиелеудегі рөлі атап өтілді.

Мерейтой иесін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей арнайы құттықтап, өңір журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Ол Сағат Сыдыққызының жас журналистердің кәсіби қалыптасуына ықпал етіп, кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп келе жатқанын атап өтті.

– Арқа өңірінің журналистика саласына қосқан үлесіңіз зор. Жас журналистерді тәрбиелеп, олардың кәсіби қалыптасуына ықпал етіп келесіз. Еңбегіңіз үшін алғыс айтамыз, – деді Әлібек Әлденей.

Сондай-ақ Сағат Батырханованы С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Құрман Қалымов құттықтады. Ол мәдениет пен ақпарат саласының сабақтастығына тоқталып, өнер мен руханият жетістіктерін көпшілікке танытуда журналистердің еңбегі ерекше екенін жеткізді.

– Мәдениет пен ақпараттың арасында үлкен байланыс бар. Мәдениеттің ақпараттық кеңістікте насихатталуы аса маңызды. Сіздің әрбір айтқан сөзіңіз салмақты, ойыңыз орнықты. Мәдениет саласына сіңіріп жүрген еңбегіңіз аз емес. Сол үшін сізге үлкен алғыс білдіреміз, – деді Құрман Қалымов.

Салтанатты жиында мерейтой иесіне құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды. Әріптестері мен шәкірттері Сағат Сыдыққызының кәсіби біліктілігін, өз ісіне адалдығын және адамгершілік қасиеттерін атап өтіп, ізгі тілектерін арнады.

Журналистика – үздіксіз ізденісті, табандылықты және қоғам алдындағы жауапкершілікті талап ететін мамандық. Осы жолда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Сағат Батырханованың кәсіби тәжірибесі мен кейінгі буынға берген тәлімі – өңір журналистикасы үшін құнды мұра. Оның салаға сіңірген еңбегі мен шәкірттеріне көрсеткен өнегесі алдағы уақытта да маңызын жоғалтпайды.

Мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыс тілейміз!

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»