Жол қауіпсіздігіне жаңа талаптар енгізілмек
Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бірқатар шара қолға алынбақ. 22 қыркүйекте Үкімет отырысында жолдағы қауіпсіздік мәселесі қаралып, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер тәртібін бақылауды күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берілді.
Атап айтқанда, әкімдіктерге жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі бейнефиксация жүйелерін кеңейту тапсырылды. Заманауи, кері санақ таблосы бар бағдаршамдарды, әсіресе білім беру ұйымдарының маңына орнату қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігіне жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған шетелдік тәжірибені, соның ішінде көшелерді апат қаупін азайтатындай жобалау тәсілдерін зерделеу міндеті жүктелді. Бұл жұмыстар жол инфрақұрылымын қауіпсіз етуге бағытталмақ.
Жол қауіпсіздігі тек жүргізушіге емес, барлық қозғалыс қатысушысына ортақ жауапкершілік. Полиция да жаяу жүргіншілерді жолды тек белгіленген орындардан кесіп өтуге, ал жүргізушілерді өткелдерге жақындағанда жылдамдықты төмендетіп, жаяу жүргіншіге жол беруге шақырады.
Осылайша, жолдағы тәртіпті күшейту, бақылау жүйелерін жетілдіру және қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыру қатар жүргізілмек.

