ЖЕРЛЕСТЕРДІҢ ЖЕҢІСІ

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде тұңғыш рет өткен «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық онлайн-байқауы өз мәресіне жетті. Жеңімпаздар арасында жерлестеріміз де бар.

Үш айға созылған мега жобаның суретшілерге арналған алғашқы кезеңіне 101 суретші, 300-ден астам картина келіп түссе, екінші кезеңде 100-ге жуық ақындар бақтарын сынады. Олардың ішінен жүзден жүйрек, мыңнан тұлпар қаламгер, әрине, біреу һәм бірегей.

Бас жүлдеге Толқын Табысбек «Көсем» картинасы мен Мұрат Шаймаран «1937 жыл немесе Әлиханның соңғы монологі» өлеңі лайық деп танылды.

Ал жерлестеріміз Мирас Асан мен Рауан Қабидолдин ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ суретші Ерсін Темірғалиевке «Қасым» журналының арнайы жүлдесі табысталды.

Назарларыңызға Мирастың «Рух мүсіні» мен Рауанның «Кенепке бояу болып сіңіп кеткен» өлеңі және Ерсіннің «Қасым Аманжолов» картинасын ұсынамыз.

 

РУХ МҮСІНІ

(Құмар Омархан «АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК» картинасы негізінде)

Көзі ұшында салуалы, байсалды көш найқалып,

Болмысынан сөз бүрлеп, самайынан ой тамып.

Отыр төрде қазақтың рухын артқан алғадай,

Өту қандай мәртебе қазақпын деп айта алып!

Қабағында суық сұс, көздерінде алып кек,

Отыр төрде һас ұзан шұғылалы жарық боп.

Әр сөзіне қарауыл қойып сөйлер ділуар,

Айтса Ақаңды жарасар бір өзін – бір халық деп.

Күйі жұпар бойлауық Сарыарқаның самалы,

Әні жусан бұрқырап, қом сулардай қоғалы,

Кеудесі – ұлы сахара үстіндегі күмбездер,

Иықтары – өр таулар, хан Кененің қамалы.

Уақыт – оның ішінде,

Дала – оның жадында,

Намысы – алмас көк сүңгі найзасының сабында!

Көкте Күнге, Жерде елге қанбай өткен мейірі,

Бір көш тоқтап тұрғандай Иманақтың маңында…

Кеңістікке сүйеген алып басы – алып төр,

Алып төрдің алдына аласармай барып көр.

Ақаң сүрген дәуренді сүре алсаң ер сүріп көр,

Ақаң салған «Дәурен-ай» шамаң жетсе салып көр!

Отырысы – бір дәуір, отырысы – бір ғалам,

Еңкеймеген,

Шөкпеген,

мұқалмаған,

сынбаған,

Отыр ұлттың ұстыны терең ойдың қойынында,

Шиыр-шиыр әжімі – қазақ өткен шырғалаң.

Отыр ардың айнасы, отыр рухтың мүсіні,

Ойы зіл де сөзі мір, ізі тура, ісі ірі.

Отыр абыз, кемеңгер, отыр батыр, қамшыгер,

Жеп қоярдай мысымен жай отырған кісіні.

Сөздерінің сәні ою мәнге қанық әр өрнек,

Жан – мәңгілік, діл – азат, өлсе ғапыл тән өлмек…

Сөз алғалы отыр ол шығу үшін мінберге,

Бар адамзат қазақтан тарайтынын дәлелдеп!

 

 

Рауан ҚАБИДОЛДИН:

КЕНЕПКЕ БОЯУ БОЛЫП СІҢІП КЕТКЕН…

(Серікжан Ысқақбек, «ҚОЯНДЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ» картинасының негізінде)

…Майлы бояу кенепке тамды дағы,

Қайнап кетті өткеннің бал-бұлағы:

Анау тұста – ақбоз үй, алтыбақан,

Мынау тұста көп дауыс жаңғырады

. Омартасы секілді балараның,

Азан-қазан шөктірген қаранарын.

…Айхой, шіркін «Қоянды жәрмеңкесі»,

Көзім жеткен жеріңді араладым.

Сүңгимін деп күй елі, жыр еліне,

Бояу жағып алыппын жүрегіме:

Ақ жаулықты ана отыр ақыл айтып,

Құс қондырып дана отыр білегіне.

Ат үстінен аңғарған аласаны,

Анау көкем қайтеді-ей, қарашы, әні –

Үзеңгіге табанын тіреп тұрып,

Шіренгені шіркіннің жарасады.

Нұр шағылған оқалы түймесіне,

Көрмесіңе қоймайтын, сүймесіңе:

Қандай ару келді екен, ән салдырып,

Тамсандырып алқызыл күймесіне.

Ұлдары қарағайдай тіп-тік екен,

Қыздары құмырсқабел, жіптік екен.

Қоянды – қоян-қолтық өскен елге,

Ежелден еңселі төр, құтты мекен.

Сол мекен түсіме еніп, көз ілмедім,

Сурет боп шықса ғой бұл сөзім менің.

Кенепке бояу болып сіңіп кеткен,

Қоянды…

Қоянды емес, өзім бе едім?