Жас балуандарға – жаңа мүмкіндік

Қарағандыда балалар спортын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды нысан пайдалануға берілді. Көгілдір тоғандар ықшамауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте заманауи күрес залы ашылды. Мұнда оқушылар грек-рим, еркін және әйелдер күресімен тегін айналысып, кәсіби спортқа алғашқы қадамдарын жасай алады. Жаңа зал «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында ашылып отыр.

Ширек ғасырдан бері жас ұрпаққа білім беріп келе жатқан мектеп енді оқушылардың спорттық қабілетін дамытуға да кең мүмкіндік ұсынбақ. Жаңа зал қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылып, жас балуандардың тұрақты жаттығуына, дене дайындығын жетілдіруіне және жарыстарға жүйелі түрде әзірленуіне жағдай жасалды.

Күрес залын ашу бастамасын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қолдады. Жаңа нысанның ашылуына өңір басшылығымен қатар Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов, спорт ардагерлері, белгілі балуандар мен еңбек сіңірген жаттықтырушылар қатысты.

«Бұл залдың ашылуы – балалар үшін үлкен мүмкіндік. Қарағанды облысынан талай атақты балуандар шыққан. Бүгінде олардың ізін жалғастыратын жас спортшыларды тәрбиелеуіміз керек. Жаңа залда жаттығатын балалардың арасынан болашақ чемпиондар шығып, ел намысын халықаралық ареналарда қорғайды деп сенемін. Баршаңызды осы спорттық нысанның ашылуымен құттықтаймын», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы Қарағанды жерінің күрес мектебі қалыптасқан аймақтардың бірі екенін атап өтті. Әлем чемпиондары Амангелді Жаппаров пен Серік Алшынбаев, Азия чемпионатының жеңімпазы әрі бірнеше дүркін жүлдегері Ибрагим Магомадов, спорт шебері Эльмира Сыздықова секілді саңлақтар – соның айқын дәлелі. Ендігі міндет – осы дәстүрді жалғастырып, жас буын арасынан жаңа чемпиондар тәрбиелеу.

Жаңа залды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге Қазақстан күрес федерациясы да қолдау көрсетті. Федерация мектепке спорттық нысанды толық жабдықтауға арналған сертификат табыстады.

«Бұл – бастамасы ғана. Біздің мақсатымыз – күресті балаларға барынша қолжетімді ету. Спортпен айналысқан бала тәртіпке, еңбекке және жауапкершілікке үйренеді. Осындай залдарда жаттыққан жасөспірімдер болашақта тек спортшы ғана емес, елге пайдасы тиетін азамат болып қалыптасады. Сондықтан мектептерде күрес залдарын ашу арқылы балалардың спортқа қызығушылығын арттыруды көздеп отырмыз», – деді Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов.

Жаңа залда оқушылар күрестің бірден үш бағытын меңгере алады. Грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша жаттығулар өткізіліп, балалардың жас ерекшелігі мен физикалық дайындығына қарай оқу бағдарламасы қалыптастырылады. Бұл оқушыларға өзіне жақын спорт бағытын таңдап, қабілетін ерте жастан дамытуға мүмкіндік береді.

Мектеп ұжымы жаңа спорттық секциялардың ашылуын оқушылар үшін маңызды мүмкіндік деп бағалап отыр. Білім ордасында бұған дейін де жүзу, шахмат, волейбол, баскетбол және басқа да үйірмелер жұмыс істеп келген.

«Мектебімізде жүзу, шахмат, волейбол, баскетбол және басқа да үйірмелер бар. Енді балаларымыз үшін тегін күрес секциясының ашылғанына ерекше қуанып отырмыз. Бұл үйірмелер салауатты өмір салтын қалыптастырып, оқушылардың дене дайындығын арттыруға бағытталған. Балалар грек-рим және әйелдер күресімен айналыса алады. 1 қыркүйектен бастап оқушыларды толық қамтуды жоспарлап отырмыз. Секциялардың алдын ала жұмыс кестесі жасалды. Қазір оқу жылының басталуына орай балаларды жинақтап жатырмыз. Жаңа оқу жылынан бастап спорт бағыты мектебімізде одан әрі дами түседі деп ойлаймын», – деді Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің директоры Салтанат Тұрсынова.

Жаңа күрес залы – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын спорттық нысан ғана емес. Мұнда жасөспірімдер тәртіпке, табандылыққа, еңбекқорлыққа үйреніп, өз күшіне сенуді қалыптастырады. Спорт арқылы бала өз мүмкіндігін сынап, жеңіске жетудің ғана емес, жеңілістен сабақ алудың да маңызын түсінеді.

«Мектеп күрес лигасы» жобасының ерекшелігі – мемлекет, спорт федерациясы және білім беру ұйымдарының күшін біріктіруінде. Жобаның негізгі мақсаты – балаларды спортқа кеңінен тарту, күрес секцияларын қолжетімді ету және жас спортшыларға кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік беру.

Қарағанды облысында осындай тағы он күрес залын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдегі балалар спортының ауқымын кеңейтіп, жаңа буын балуандарын тәрбиелеуге жол ашпақ. Бүгін мектеп залында жаттығуын бастаған жас спортшылардың арасынан ертең ел чемпиондары мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлері шығуы әбден мүмкін.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»