ЖАДЫРАНЫҢ ЖЫРЫ

«Мүмкін, шынайы поэзия тереңдік шығар?! Солай емес пе?» дедік. Оған да көндік. Қиялмен теңіз түбіне дейін түсетін халге жеттік. Керемет күйге бөленгендей болдық. Бірақ әлі де біз ойлағандай һәм сезінгендей емес еді.

«Жоқ, шынайы поэзия пәлсапада жатыр. Поэзия – ақиқатты іздеу» деп топшыладық. Сөйтіп, пәлсапашыл ақындар әдебиетке келді.

Бір үн: «Адаспаңдар! Шынайы поэзия – нәзіктік пен жүрек қылы. Басқа ештеңе емес», – деді.

Бақсақ, асқақтық пен тереңдікке һәм пәлсапаға нәзіктік пен жүрек қылы жетіспеген екен.

Жадыра Байбұланованың өлеңдерін оқып отырып осындай күйге бөленемін. Дәл осындай пайымға келемін. Бірақ оқырман – турасын айтқанда, тыңдарман – Жадыраның поэзиясын ести бермейді. Неге? Себеп біреу. Тыңдарманның құлақ құрышы айқай-сүреңге құралған өлеңге ғана қанады. Ал Жадыраның поэзиясы – сыбыр. Оны есту үшін жан тыныштығы қажет. Өлеңдері айқай-сүреңнен ада. Дәлел ме? Әлбетте…

Жылы жаққа кетпеңдерші, ей, құстар!

Мұнда да күн жылынар.

Жат өлкеден бақ іздеген байғұстар

Жүрегінде жүгі бар…

Тым алысқа кетпеңдерші, құстар-ау!

Жақын ба өзі жылы жақ?

Мен сүйетін ғұмыр қандай қысқалау,

Күту қандай тым ұзақ…

Қоштасқанда, қап кетеді өкініш,

Сүйген ауыр себебі!

Мені тастап кетпеңдерші, өтініш!

Ол да оралам деп еді…

Жанның сөзі ме? Әлде, тағы да: «Биіктік пен асқақ үн бар» деп далбасалайсыз ба? Талдауды қажет етпейтін өлең болады. Мына өлеңді солардың қатарына қоссақ, қателеспейміз. Енді дәл осы жерден лирикалық шегініс жасайық.

Жоғарыда келтірген «биіктік» ұғымымен қатар «үлкен тақырып» деген сөз жүреді. Яғни үлкен тақырып дегеніміз – тарихи шығарма һәм тұлғалық галерея жасау. Сонда басқа тақырыптағы өлең майда-шүйде тақырыпқа жата ма? Үлкен тақырыптың қолшоқпары болғаны ма? Керек десеңіз, бір поэманың айта алмағанын бір ғана жол жеткізе алады. Және үлкен тақырыпта өлең жазу үшін алысқа шабудың қажеті шамалы. Кез келген тақырыптың айтар ойы бар. Міне, осыдан соң «лирика» деген ұғым қылаң береді. Біздің лирика туралы түсінігіміздің де аясы тар. Басты кейіпкер – ару. Болды ма? Міне, лирикаға деген танымымыз тар болғандықтан, асқақтық пен тереңдік һәм пәлсапаның сапасы төмен. Қайталап айтамын, лирика ұсақ-түйек тақырыпқа жатпайды. Керек десеңіз, үлкен тақырып. Жадыраның поэзиясын естімейтініміздің бір себебі – осы. «Өйткені оның тақырыбы ауқымды емес» дейміз. Осыған байланысты кезінде Сайын Мұратбеков өрнекті ой айтқан екен: «Жазушы атаулының бәрінің тарихи тақырыпқа қалам сілтеуі шарт емес қой деп түсінемін. Кейбір жазушының естіген, оқып-тоқығанының төңірегінде ой қозғағанынан гөрі көрген-білгенін шығарма арқауы қылғаннан ұтып жататыны бар. Кезінде ұлы Бальзак та Франция тарихын біраз зерделеп көріпті. Тарихи тақырыпқа, басқасын қойып, драма да жазған көрінеді. Бірақ, онысы сәтсіздікке ұшыраған. Содан кейінгі тарихи тақырыпқа жазылған жалғыз шығармасы «Шуандар» ғой деймін. Бірақ, Бальзактың есімі тарихқа тарихи тақырыптағы шығармалары емес, өз уақытының проблемаларын көтерген, өз қоғамының жан дүниесін жалаңаштаған «Үзілген үміттер», «Шегірен былғары» секілді романдарымен кірді ғой. Меніңше, өзің өмір сүріп отырған орта, өзің күнделікті араласқұралас жүрген замандастарың туралы ғана дәл жазуға болады. Мен өз басым жақсы білетінімді, бастан кешкенімді жазамын».

Осы ғой – бізге жетіспейтіні. Біз естігенімізді жазып жүрміз. Ал, анығында, сезінгенімізді һәм көргенімізді жазуымыз керек. Жадыра ұстанымының да дәл осындай екенін өлеңдері танытып отыр.

Мәселен, «Кілт» деген өлеңін алайық. Басты күшті яки сезімді ұмытпай, психологиялық ой өрімдерін жеткізе білген өлең. Турасын айтқанда, мұндай үлгідегі өлеңді абсурд дейді.

Жазмышымның жазасын-ай мұншама!

Құлап келем жолдарында тайқып кең.

Үйдің кілті өз қолымда тұрса да,

Есігіңді аша алмаймын қайтып мен…

Жанарымды жадыратар күш кімде?

Ой қамаған, о бастан-ақ орап мұң.

Үйдің кілті жатыр үстел үстінде,

Бақытымның кілтін қайда жоғалттым?.. – деп бастап:

Көшесінде қаңғып келем қаланың,

Сезімімді қайтем саған кіріптар?..

…Дәл алдымда бір қыз кетіп барады,

Қолында көп сылдырлаған кілт бар, – деп аяқтайды.

Бірде кілті қолында тұрады, бір қарасаң, кілт үйде жатыр. Абсурд. Әлде ақынның қателігі ме? Мүмкін, қолындағы кілт пен үстелде жатқан кілттің сипаты бөлек шығар?! Әр нәрсенің өз кілті бар. Бір қыздың қолында кетіп бара жатқан кілттерді қайда қоямыз? Сұрақ жауапқа жетелейді. Автор басты шепке сезімді ғана емес, сонымен қатар терең ойды да жіберіп отыр.

«Махаббат – мәңгілік» деп бәрі ойлады,

Бәрі ойлады, бірақ та сенбеді ешкім!

* * *

Қадіріңді білмеген біреулерден

Қабіріңе қойылар бір гүл артық…

* * * Мен: «Өмірді сүйем!..» деп айқайласам,

Даусым неге шықпай қала береді?..

Осындай жолдарды оқығаннан кейін лириканы ойсыз деп қалайша айтасыз? Онда да әдемі ой бар.

Шынайы поэзия аталған қағидалардан ғана тұрмайтын шығар? Сұрағымның ішінде жауабы жүр екен. Шынайылық қой. Басқа не? Ал, шынайылық болу үшін тазалық болуы керек. Фальш болмауы тиіс. Сендіруі қажет. Және жылату оңай. Ал жұбату ше? Жұбата аласың ба? Онда жүрегіңмен жұбат.

Мына өлең сізді жұбата ала ма? Әлде, тағы да сол көздің жасын бұлай ма? Ақынның «РомеоДжульетта» қойылымы» өлеңі:

Театрға барғанбыз

Ең бақытты шығармыз деп барлық осы жаннан біз.

Көз алдыңда кіріп келді

Бір кездегі арман қыз.

Жиып қойып маңайды,

Көз астымен сен де оған қарайсың,

ол да саған қарайды.

Қасындағы ер жігітін аядым,

Мені қойшы, жарайды.

Менікі – жай бақылап…

Қайран, жүрек! Қайдағысы еске түсіп жатыр-ақ!

Тағы өтірік құшақтайсың,

Бәрін сезем, ақымақ!

Ең қиыны – жыламау,

Бірін-бірі ұмытпаған екеуге – шыдау әрі шыдамау!

«Шын сүйгендер қосылмайды» –

Қойылымның түрі анау!

Көз алдымда сурет пе?

Әлде мәңгі жазылмайтын сезім деген қу дерт пе?

Екі ғашық сендер болсаң, мен кіммін, Ей, Ромео-Джульетта?!

Тақырыбына қарап біреу мұны Шекспирдің кейіпкері жөнінде жазылған өлең-ау деп қалуы мүмкін. Жоқ, онда автордың өзі жүр. Ақынның мені. Мөлдіреп қана түсе салған өлең. Күшенбеген. Ешқандай фальш байқалмайды. Әйелге тән мінез. Нәзіктік. Және бұл – үлкен тақырып. Ұмытпағаныңыз жөн.

«Ақынның кітабы емес, өлеңі» деп бастадық. Ақынның шығармашылығы туралы жазу үшін міндетті түрде оның кітабы шығуы тиіс емес қой. Жалпы, кітап кедергі болмауы керек. Жадыраның өлеңдері жайлы ойымызды осыған дейінгі қағиданы бұзып жеткізгіміз келді. Ол биіктік болды ма, әлде тереңдік пе, пәлсапа ма, мүмкін, нәзіктік пе? Ол жағын білмедім. Тек шынайы шықса болғаны.

P.S. Айтпақшы, ақындардың даусы қарлығып, тыңдарманның құлағы бітелген күні ел СЫБЫРҒА көшеді. Сол кезде «үнсіздік тілінде сөйлейтін» (Жадыра Байбұланова) боламыз.

Ерболат ҚУАТБЕК, «QH»