Жаңа формациядағы полиция қалыптасуда

Биыл ұзақ жылғы кідірістен соң Республика күні қайта тойланды. Бұрын еленбеген күн. Еленсе де өз орнын таппаған күн. Ал байыбына барсақ, бабалар рухына мың мәрте тағзым ететін күн екен. Қазақстан Республикасының ресми әлемге өз алдына бөлек ел болып атойлаған күні. Ұлт болашағының жолына бейжай қарамайтын ұлт зиялылары тарихта алтын әріптермен жазылып қалатын күндерді қайта қалыптауы керек шығар, бәлкім.

Мемлекеттілік деген не? Ол – оның біртұтастығы. Оның біртұтастығын күзететін құрылымдар бар бізде. Полиция – сол күшті құрылымдардың арасындағы ең саны жағынан көлемдісі. «Жаңа әділетті Қазақстан» деген ұғым пайда болды. Ендеше қоғамдағы салалардың қандайы болмасын, қызметттің қандай түрі болмасын әділетке негізделген ел құрып, соған бар күш-жігерді аянбай жұмсауымыз керек. Бұл міндет полицияның алдында да тұр. Негізгі мақсат – адамдардың құқығын, қоғам және мемлекет мүддесін шынайы құқықтық тұрғыдан қорғауға бағытталған жаңа полиция келбетін қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұртқа жақын полиция» деген соны қағидатты қайта қалыптап, оның жүйелі іске асуына баса мән беруі тегін емес. Бұл идея халық пен полиция арасында ашық диалог орнату, етене байланыс қалыптастыру арқылы ғана баянын таппақ. Ел Президентінің: «Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет», – деуі полиция алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Оны сәтті іске асырып жүр де. Бүгінгі замана талабы, дәуір тынысы, уақыт нақышы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын полиция қызметкерінің жаңа буынын қалыптастыру өзекті мәселеге айналып тұр.

Ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан кезекті реформаның көздейтіні де – осы: халықтың сенімін тудыратындай жаңақазақстандық полицияның имиджін, қызметкерінің жаңа бейнесін қалыптастыру. Оны әйгілеп айтсақ құп. Бір ғана мысал. Жуырда «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру барысында Қарағанды-Сұрыптау бекетінің аға лейтенанты Данияр Қанат көпірден секірмек болған әйелді құтқарды. Алғашында оны әйелдің айдаладағы көпірде жалғыздан-жалғыз тұрғаны алаңдатты. Дереу бұл істе бір гәп барын сезіп, көпірге таяп барды. Күдік тудырған әйелдiң жанынан өте бергенде, оның оң аяғын көтеріп, көпipден секірмекке бекінгенін байқады. Көлігін қаңтара сала бірден әлгі әйелге қарай жүгіріп барып, шапшаң қимылмен оның қолынан ұстап қалды. Осыдан соң өз-өзіне келген әйелмен тілдесіп, оған төменге түсуге жәрдемдесті. Біле білгенге бұл – ерлікке барабар әрекет. Ол жөнінде өзі былай дейді:

– Көлік полицияларының басынан осыған ұқсас түрлі жағдай өтіп тұрады. Егер бұл бастан өткерген алғаш оқиғам болса, не істерімді білмей тұрып қалар ма едім, кім білген?

«Полицейлер күнбе-күн ерлік жасайды» деген сөздің жаны бар. Әбден қызметінің қыр-сырын жетік меңгерсе де, жеме-жемге келгенде жедел шешім қабылдау екінің бірінің қолынан келмесі хақ. Даниярдың бұл әрекеті қызметтестерінің де, естіген жұртшылықтың да ыстық ықыласына бөленді. Осылайша Қарағанды-Сұрыптау бекетінің аға лейтенанты жедел әрекеттің арқасында жанға араша, жұртқа үміт сыйлады. Жаңа полицейдің бейнесі қалыптасуда. Ол – адамдықпен өлшенеді.

Полицейлердің құқығына сәйкес, заңды негізге ала отырып халықпен араласуын, қарым-қатынас жасауын қажет етсе, сол қарым-қатынастың, негізінен, адам арқылы жүзеге асатыны айдан анық. Дұрыс қарым-қатынас жасау үшін алдымен әр адаммен тіл табыса, араласа біліп, қарым-қатынас, сөйлесу мәдениетін меңгеріп, оны өз бойында қалыптастыруы тиіс. Ол кәсіптік қарым-қатынас жасаудан көрінеді, сол үшін де әдеп мәдениетін меңгерген қайыл. Ендеше қызмет әдебіндегі қарым-қатынас деген не? Ол – адамның қызметтік ортасымен, тараптармен, қызметтік дәстүрлермен және мәдениет қазынасымен етене әрі жанды байланысы. Жақсы қарым-қатынас жасай білу және солай әрекет ету – тіршіліктегі әрбір адамның міндеті десек те, ол ел алдында жүретін полицей бойындағы ең әдемі қасиеттердің өмірдегі көрінісі болмақ

Полицейлердің мәдениеті дегеніміз – қызметкерлердің ойлау қабілеті, өзінің және төңіректегілердің әрекеттеріне, болмысына талдау жасай білу қабілеті. Ендеше полицей мәдениеті – қызметкердің, адамның материалдық және рухани, білімдарлық, зияткерлік пен сезімдік қасиеттері айқын аңғарылатын белгілердің жиынтығы. Қоғамдық, әлеуметтік ортада, адамдар арасында әділетті бір қарым-қатынас орнату үшін ең қажеттісі – адамгершілік.

Полицияның жақсылығын айтсаң, тап бір тасыр құлаққа тап болғандай боласың, кесір тілдің кесапатына ұрынарың анық. Былайғы жұрт полиция десе, ит көрген ешкікөзденіп, жиырылып қалады. Пышағы құйрық үстіндегі қызмет деп біледі. Көбіне жазықсыз тұқыртып даттап жатқаны. Оның қызметі халықпен етене екенін қаперге алар емес. Әлеумет бар жерде ұрлық-қарлықсыз, құқық пен заңды бұзусыз болмайды ғой.

Полицейдің шынайы имиджі қоғамда заң шеңберінен шықпайтын темірдей тәртіп пен қатаң талап болса ғана қалыптасады. Сонда ғана жамандықтың жолы қиылады. Сондықтан билік пен заң өкілі – полиция қызметкері кәсіби қызметінде немқұрайдылыққа, ұқыпсыздыққа, білімсіздікке бой алдырмауы тиіс. Адамгершілік тұрғыдан оның қателіктерге жол беруге тiптен де қақысы жоқ. Полиция қызметкерінің мінез-құлқы адамгершіліктің талабына сай болуы шарт. Өйткені ол – Қазақстан Республикасының халқына құқықтық қызмет көрсетуші тұлға.

Халық үшін құрылған заманауи полиция бейнесiн дәл осындай үлгiде көргiм келедi. Өйткені Қазақстан Республикасының «Ішкі істер органдары туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі №199-V заңының 4-бабында белгіленген Ішкі істер органдары міндетінің бірінде «Қазақстан халқына қызмет етуге тиісті» деп айқын жазылған. Ішкі істер органдарының басқаша ойлайтын қызметкері погон тағып жүруге еш құқығы жоқ. Бұл – біз үшін ұлы арман, ізгі тілек қана емес, ішкі істер органдары қызметіне қажетті объективті қажеттілік.

Біз көбіне үлгі тұтатын Еуропа халқының тәртіп сақшыларына қойылатын талаптары мейлінше жоғары, олар полиция қызметкерлерінде Соломонның ақылы, Давидтің ерлігі, Иаковтың шыдамы, Моисейдей басқару, Александр Македонскийдің стратегиялық көрегендігі және физика, биология және қоғамдық ғылымның барлық саласынан толық білімі болуы керек деп санайды. Егер полицей бойында осы қасиеттер болса, онда оның жақсы полицей болғаны.

Бірақ біз мұны да аздық етеді дейміз. Біз де полицейден Қасым ханның заңгерлігін, Есім ханның естілігін, Әбілқайырдың көрегендігі мен ерлігін, Абылайдың ақылын, Кенесарының жүректілігі мен тәуекелшілдігін, Абайдың даналығын қажет етсек несі айып.

Қазақстан Республикасының Конституциясы адамды ең жоғарғы құндылық деп жариялауына орай оның құқықтары мен бостандықтарының кепілдері алдыңғы қатардан орын алады. Полицей мамандығының негізгі нысаны – адам және оның мүдделері, құқықтар ауқымы, жеке тіршілігі және жалпы оның тағдыры десек, артық айтқанымыз емес.

Елеужан СЕРІМОВ,

Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы ЖПБ ӘІСҚ бөлімінің қызметкері