Халық үніне құлақ асқан кездесу
Қарағандыда билік пен халық арасындағы ашық диалог жалғасуда. Қазыбек би атындағы аудан әкімі, қалалық мәслихат төрағасы және депутаттар тұрғындармен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады. Кездесу барысында көтерілген ұсыныс-пікірлер тиісті мекемелерге жолданып, шешімін табуға бағытталды.
Гүлдер-1 ықшам ауданының тұрғындары үй маңына орнатылуы жоспарланған сауда павильонына қарсылық білдірді. Олардың айтуынша, бұл аумақта автотұрақ орындары онсыз да тапшы. Павильон салынса, көлік қоятын орын одан әрі азайып, тұрғындардың күнделікті қозғалысына кедергі келтіреді. Сонымен қатар аула аумағының тарылуы балалардың қауіпсіздігіне де кері әсер етуі мүмкін. Тұрғындар бұл жерді өз күштерімен автотұрақ ретінде жабдықтағанын, ал павильонды орнату тұрғындардың келісімінсіз жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Жер учаскесі мемлекеттік меншікте орналасқан. Қазақстан Республикасының азаматы тарапынан осы жер учаскесін аукционға шығару мәселесі бойынша өтініш түсті. Қазіргі уақытта тиісті рәсімдер заң талаптарына сәйкес қарастырылып жатыр. Сіздің барлық уәждеріңіз тексеріліп, қаралады және жазбаша жауап беріледі, – деді Қарағанды қаласының жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Нұрұл Елубаев.
Кездесу барысында «Сарыарқа» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да өз мәселелерін жеткізді. Олардың айтуынша, көпқабатты үйдің құқықтық мәртебесі әлі күнге дейін толық рәсімделмеген. Соның салдарынан аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілмей отыр. Бұған қоса, қараусыз қалған жерде қаңғыбас иттердің жиналуы тұрғындарды алаңдатып отыр. Бұл жағдай әсіресе балалар үшін қауіпті.
– Біздің үйді салған құрылыс салушы іс жүзінде нысанды пайдалануға тапсырмаған, бұл шамамен 15 жыл бұрын болған жағдай. Қазіргі таңда үйге 49 арест қойылған. Соның салдарынан ортақ мүлікке құқықты рәсімдеу және кондоминиумды заңнамаға сай тіркеу мүмкін болмай отыр. Бұл өз кезегінде үй маңындағы аумақты абаттандыру, пайдалану және күтіп-ұстау жұмыстарын толық жүргізуге кедергі келтіруде, – дейді қала тұрғыны Марат Қанат.
Сондай-ақ, Шахтеров көшесі мен Сарыарқа даңғылы маңындағы тұрғындар да ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселені көтерді. Олар аяқталмай қалған құрылыс нысанына ауыр техниканың жиі қатынауы салдарынан жолдардың бұзылғанын айтты. Бұл өз кезегінде мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандарға жетуді қиындатып отыр. Кездесу қорытындысы бойынша тұрғындардың барлық өтініші тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Жауапты мамандар әрбір көтерілген мәселе бақылауға алынып, заң аясында шешімін табатынын жеткізді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

