Жүргізуші куәлігін алу: емтихан тапсыру тәртібі өзгерді
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру ережелері жаңартылды. 9 қазаннан бастап күшіне енген өзгерістер қайта тапсыру мерзіміне, емтихан өткізу тәртібіне және талап бұзғандарға қолданылатын шектеулерге қатысты. Жаңа талаптар үміткерлерге емтиханнан өтуге көбірек мүмкіндік бергенімен, жүргізушілерді даярлау сапасы мен бақылау мәселесін де күн тәртібіне шығарып отыр.
Бұған дейін емтиханнан қатарынан үш рет өте алмаған үміткердің нәтижелері жойылатын. Енді мұндай талап алынып тасталды. Алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталған адам екінші рет келесі жұмыс күні емтихан тапсыра алады. Егер екінші мүмкіндікте де қажетті нәтиже көрсетпесе, келесі емтиханға кемінде 10 күнтізбелік күннен кейін жіберіледі. Үшінші және одан кейінгі әрекеттер де осы мерзімді сақтай отырып, ақылы негізде өткізіледі.
Қайта тапсыру тарифтерін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы белгілейді. Сонымен бірге емтихан кезінде шпаргалка, ұялы телефон немесе өзге де құрылғыларды пайдаланғаны анықталған үміткерге қатаң шектеу қойылады: ол жүргізуші куәлігін алу емтиханына бір жылдан кейін ғана қайта қатыса алады.
Тағы бір жаңашылдық – практикалық емтиханды өткізу тәртібіне қатысты. Енді оны арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының автодромдарында ғана емес, талаптарға сай жабдықталған автомектептердің көліктерінде де тапсыруға болады. Мұндай автомобильдерде айналаны 360 градус қамтитын шолу жүйесі және емтихан барысын толық жазатын бейнекамералар болуы тиіс.
Алайда емтихан өткізу мүмкіндіктерін кеңейту бақылау талаптарын әлсіретпеуі керек. «Жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін» жүргізушілерді даярлау бойынша кәсіби бірлестіктің төрағасы Сергей Миронов автомектептердің көліктерінде емтихан қабылдау кезінде заң бұзушылықтардың алдын алуға ерекше мән беру қажет екенін айтады.
– Мемлекеттік корпорацияның көліктерінде емтихан қабылданғанда, бүкіл үдеріс қатаң бақыланады, бейнежазба да жүргізіледі. Соның арқасында нәтижеге ықпал ету мүмкіндігі барынша азаяды. Ал емтиханды жеке автомектептерге тапсыруға рұқсат етілсе, заңсыз әрекеттерге жол берілу қаупі туындайды. Мұндай тәуекелдерді ескерусіз қалдыруға болмайды, – дейді Сергей Миронов.
Сарапшының пікірінше, емтихан тапсыру мүмкіндігінің көбеюі үміткерлердің көлік жүргізуді шынайы меңгеруіне кепіл бола алмайды. Кейбір автомектептерде оқушыларға жол қозғалысына қажетті дағдыларды қалыптастырудан гөрі, тест сұрақтарын жаттатуға басымдық берілуі мүмкін. Мұндай жағдайда адам емтиханнан бірнеше әрекеттен кейін өткенімен, жолда өз бетінше әрекет етуге дайын болмауы ықтимал.
Қайта тапсырудың ақылы болуы да үміткерлердің дайындығына әсер етуі мүмкін. Автосарапшылардың бағалауынша, емтиханды қайта тапсыру құны 15–20 мың теңге шамасында болуы ықтимал. Дегенмен нақты тарифті мемлекеттік корпорация белгілейді. Қосымша шығын үміткерлерді емтиханға мұқият дайындалуға ынталандыруы мүмкін.
Қазақстандағы «За рулём» журналының бас редакторы, автосарапшы Алексей Алексеев те практикалық емтихан кезінде жүргізушінің шынайы жол жағдайында әрекет ету қабілетін бағалаудың маңызын атап өтті.
– Автодромдағы емтиханның екі қыры бар. Бір жағынан, автоматтандырылған жүйе адам факторын азайтып, емтихан алушының субъективті шешіміне тәуелділікті төмендетеді. Екінші жағынан, үміткер автодромда тапсырма орындағанымен, нақты жол жағдайында тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін. Қала көшелерінде қозғалыс әлдеқайда күрделі: жүргізуші басқа көліктердің әрекетін ескеріп, өзгермелі жағдайға жылдам бейімделуі керек, – дейді Алексей Алексеев.
Емтихан нәтижесімен келіспеген үміткер апелляцияға өтініш бере алады. Шағымды үш адамнан тұратын комиссия қарайды.
Жаңа ережелердің тиімділігі тек емтихан тапсыру мүмкіндігінің артуымен өлшенбейді. Ең бастысы – болашақ жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін білуімен қатар, көлікті қауіпсіз басқаруға қажетті дағдыларды меңгеруі. Сондықтан емтихан рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, автомектептердегі даярлық сапасын бақылау және үміткердің нақты жол жағдайына дайындығын бағалау мәселелері өзекті болып қала береді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

