Заңды білу – тәртіпке бастар жол: Қарағандыда «Болашақ прокурорлар клубы» ашылды

Құқықтық сауаттылықты арттыру, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Қарағандының Майқұдық шағынауданында «Болашақ прокурорлар клубы» жұмысын бастады. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында, Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша қолға алынған жоба оқушыларға құқық саласын тереңірек таныстырып, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуге мүмкіндік береді.

Күнделікті өмірде заңды білу тек болашақ заңгерлерге ғана қажет емес. Өз құқығын қорғау, өзгенің шекарасын құрметтеу, құқық бұзушылықтың салдарын түсіну – әр азаматқа ортақ жауапкершілік. Жаңа клубтың мақсаты да осы түсінікті жасөспірімдердің бойына сіңіріп, оларды заңға бағынуға ғана емес, заң талаптарын саналы түрде орындауға тәрбиелеу.

Жобаның ашылу салтанатында Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Азиза Амангельдина клубтың құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

– «Болашақ прокурорлар клубын» ашудағы басты мақсатымыз – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың заң мен тәртіп туралы түсінігін кеңейту. Жасөспірімдер өз құқықтары мен міндеттерін біліп қана қоймай, әрбір әрекетінің жауапкершілігі бар екенін түсінуі керек. Осындай кездесулер арқылы балалардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын оятып, заңға құрметпен қарауына ықпал еткіміз келеді. Құқықтық білімді ерте жастан қалыптастыру құқық бұзушылықтың алдын алуға да көмектеседі деп ойлаймын, – деді Азиза Амангельдина.

Клуб жұмысы құрғақ теориямен шектелмейді. Оқушылар прокуратура органдарының қызметімен танысып, заң талаптарының күнделікті өмірде қалай қолданылатынын мамандардан үйренеді. Алдағы уақытта құқықтық тақырыптағы пікірсайыстар, сот процестерінің үлгілік модельдері және зияткерлік ойындар ұйымдастырылмақ. Мұндай интерактивті тәсілдер жасөспірімдердің өз ойын дәлелді жеткізуіне, құқықтық жағдайларды талдауына және шешім қабылдағанда заң талаптарын ескеруіне көмектеседі.

Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Төлеуғазы жобаның тәрбиелік мәніне тоқталып, мектеп пен құқық қорғау органдарының өзара байланысы балалардың болашақ өміріне пайдалы екенін атап өтті.

– Балалар үшін бұл клубтың берері мол. Құқықтық білім мектеп қабырғасында ғана емес, олардың болашақ өмірінде де қажет болады. Қазір білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Солардың бірі ретінде «Болашақ прокурорлар клубының» ашылуын ерекше атап өтуге болады. Мұндай бастама оқушылардың заңға деген қызығушылығын арттырып, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Клубтың мектебімізде алғаш рет ашылып жатқанына қуаныштымыз, – деді Жанар Төлеуғазы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, клубтың тағы бір міндеті – оқушыларға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу. Жасөспірімдер құқық қорғау саласының жұмысымен жақынырақ танысып, прокурор мамандығының ерекшеліктерін түсіне алады. Сонымен қатар, жобаның тиімділігі байқалса, тәжірибені Қарағандының басқа мектептеріне де тарату жоспарланып отыр.

«Заң мен тәртіп» жобасының үйлестірушісі Малика Күсенбаева клубтың келешектегі жұмыс бағыты туралы айтып берді.

– Біз жастардың мектеп бітіргеннен кейін қандай мамандықты таңдағысы келетінін саналы түрде түсінгенін қалаймыз. «Болашақ прокурорлар клубы» оқушыларға құқық қорғау саласын жақынырақ танып, өз қызығушылықтары мен қабілеттерін бағалауға мүмкіндік береді. Қазір жобаны Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданынан бастадық. Клубтың жұмысы оң нәтиже көрсетсе, оны қаланың басқа мектептерінде де іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, балалар заңды құрметтеуді және өз әрекеттеріне жауап беруді үйренсе дейміз, – деді Малика Күсенбаева.

Жоба басталмай жатып-ақ 50-ге жуық оқушы клубқа қатысуға ниет білдірген. Олардың қатарында болашақта заң саласында еңбек етуді мақсат еткен Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Рамазан Амангелді де бар.

– Бала кезімнен заң саласына қызығушылығым бар. Болашақта осы бағытта білім алып, елге қызмет еткім келеді. Клубқа қатысу арқылы прокурорлардың жұмысымен жақынырақ танысып, заңдарды тереңірек түсінуге мүмкіндік аламын деп ойлаймын. Бұл менің болашақ мамандығымды дұрыс таңдап, мақсатыма жақындай түсуіме көмектеседі, – дейді Рамазан Амангелді.

«Болашақ прокурорлар клубы» – жасөспірімдердің құқықтық білімін жетілдірумен қатар, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған бастама. Заңды білу, өзгенің құқығын құрметтеу және тәртіпті сақтау дағдылары бала кезден қалыптасса, оның қоғам өміріне де оң әсері болады.

Клубқа қатысқан оқушылардың бәрі бірдей болашақта прокурор болмауы мүмкін. Алайда олардың әрқайсысы заң талаптарын түсініп, әділдік пен жауапкершіліктің маңызын ұғынса, жобаның негізгі мақсаты орындалғаны. Өйткені «Заң мен тәртіп» қағидаты құқық қорғау органдарының ғана емес, әр азаматтың күнделікті іс-әрекетінен басталады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»