Ғылым шырағын жаққан Ермеков
25 мамыр – Алаш арысы, тұңғыш қазақ математигінің туған күні. Биыл қазақ даласында ғылым шырағын жаққан, Алаштың арманын арқалап, отарлыққа қарсы оймен күрескен, ұлт тарихындағы ұлы тұлға – Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің туғанына 134 жыл.
Қарағандыдағы Е.А. Бөкетов атындағы зерттеу университетінің студенттері Алаш мұрасын ардақтаған зиялы қауым өкілдерімен бірге Әлімхан Ермековтің зиратына барып, Құран бағыштап, тағзым етті. Бұл – өткенге құрмет, келешекке аманат.
Бүгінде университет қабырғасында архивтік құжаттарды ақтарып, тарихтың көмескі беттерін ашып жүрген жастар бар. Олар – шаң басқан мұрағаттардан ұлт рухын іздеп, Алаш арыстарының ізімен жүріп келе жатқан буын. Санасына ұлы істерді түйген жастардың бары – ел үмітінің өшпегенінің дәлелі.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Жер, жер және жер! Жерсіз Отан жоқ!» – деп бекер айтпаған. Қазақ халқы үшін жер – ата-бабадан қалған аманат, елдік пен егемендіктің нышаны. Бұл жолда күрескендер қатарында Әлімхан Ермековтің орны ерек.
ХХ ғасыр басындағы аласапыран тұста, Ресей империясының күйреп, жаңа биліктің орнығып жатқан шағында, Әлімхан Ермеков қазақ жерінің тұтастығын қорғап, Ертіс бойы, Атырау өңірі мен Солтүстік Қазақстан жерлерін кеңестік билікке дәлелдеп, сақтап қалуға бар күшін салды. Ол – қазақтың мүддесін ғылыми дәлелмен қорғап, Мәскеудің төрінде сөз сөйлеген алғашқы қазақ математигі.
Жазушы, публицист Жайық Бектұров өз естеліктерінде Әлімхан Ермековтің тұлғасын терең сипаттап, тың деректер ұсынады. Оның «Үш Әлекең» атты тарихи очеркінде Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Әмин Көпеев жайлы мол мағлұмат берілген. Бұл еңбек – Алаш тарихын зерттеушілер үшін құнды қайнар.
Әлімхан Ермеков 1891 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Бөріктас ауылында дүниеге келген. Ол – ел басқарған, болыстық қызмет атқарған текті әулеттің ұрпағы. Жастайынан білімге құмар болып, кейіннен қазақтан шыққан алғашқы инженер-математик атанды.
Сондай-ақ Әлімхан Ермеков – Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді алыптармен араласқан, олармен ғылыми әрі рухани байланыс орнатқан қайраткер. Ол замана ағысын терең түсініп, саяси процестерге нақты баға бере алатын, алда не күтіп тұрғанын дөп басып болжап отыратын көреген тұлға болған.
Әлімхан Ермеков рушылдықтан аулақ, жаңаша ойлайтын, әлемдік ғылым мен білімге бет бұрған жаңа буын зиялысының жарқын өкілі еді. Ол қазақтың ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, оны заманауи ғылыммен, өркениетпен ұштастыруды көздеді. Бұл оның өмірлік ұстанымының өзегі болды.
Бүгінгі жас – кешегі Алаш арыстары аңсаған, армандаған еркін елдің ұрпағы. Сол себепті Әлімхан Ермековтей тұлғалардың тағылымын тану – әр қазақ баласының рухани парызы. Архивте шаң басып жатқан құжаттар мен естеліктер – сол тарихтың тірі куәсі. Ал оны жаңғыртып, халыққа жеткізу – жастарға аманат.
Ералы ҒАНИ,
«QH»