Тарихты аниме арқылы оқытпақ
Н.Нұрмақов атындағы Қарағанды мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында балалар пәндерді комикстер арқылы оқып жатыр. Сонымен қатар оқушылар Қазақстан тарихы туралы түрлі-түсті журналдар әзірлеуде. Он бірінші сынып оқушылары «Қазақ хандығы» атты алғашқы журналын жасап шығарды.
Тарихи тұлғалар туралы аниме-комикстер жасау идеясы тарих пәнінің мұғалімі Әсем Тарыбаеваға тиесілі.
– Мен орта сынып оқушылары «Наруто» анимесіне қызығушылық танытатынына назар аудардым. Жоғары сынып оқушыларына қазақ комикстерін жасау ұсынысын айтып, онда кейіпкерлердің аниме стилінде бейнеленуі керек екенін түсіндірдім. Мені 11-сынып оқушылары қолдады. Өткен жылдың қараша айында «Қазақ хандығы» атты алғашқы журнал шығардық. Ол 20 беттен тұрады. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы негізге алынды, – деді Әсем Тарыбаева.
Мұғалім идеясын төрт оқушы жүзеге асыруда. Мөлдір Әуелхан мен Фариза Сағит сурет салады, ал Фатима Әмірзада мен Аружан Булгунаева ақпарат жинап, оны өңдейді.
– Біз сурет салғанды өте жақсы көреміз, бірақ оны арнайы оқыған емеспіз. Бірінші шығарылым толығымен қолмен боялған. Жаңа аниме жасау үшін компьютер пайдаланамыз, – дейді Фариза Сағит.
Мектеп оқушылары алғашқы аниме-комикстерін дайындау үшін екі айға жуық уақыт жұмсаған. Ең көп уақыт тарихи материалдардың түпнұсқалығын талқылауға және тексеруге кеткен.
Мектеп басшылығы комикс шығаратын жас баспагерлерді барынша қолдайды және қажет материалдармен қамтамасыз етеді.
Екінші журнал – «Алаш зиялылары» журналы. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Бұл жолы журнал 40 бет болады. Жылына төрт комикс шығару жоспарлануда.
– Биыл қыздар мектеп бітіретіндіктен, олар қазірдің өзінде ізбасар дайындауда. Олардың жұмысын 10-сынып оқушылары жалғастырады. Олар батырлар туралы комикс шығаруға қатысты. Алғашқы аниме Жидебай батыр туралы баяндайды, – дейді тарих пәнінің мұғалімі.