Тарихи жәдігер

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан Болған ана кесенесінен табылған жәдігерлер негізінде жасалған археологиялық жаңғыртпаның таныстырылымы өтті.

2018 жылы Орталық Қазақстандағы Алтын Орда дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары атқарылды. Солардың бірі – Болған ана кесенесі. Ол Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қаракеңгір мен Сарысу өзендерінің қиылысар тұсында, ел ауызында Қаражер деген атаумен белгілі жерде биіктеу төбе басында орналасқан. Қазба жұмыстарының барысында ақсүйек тұқымнан шыққан әйелдің сүйектері табылған. Сол кездегі болжам бойынша, бұл әйел Жошы хан әулетінен делінеді. Әйел Болған ана кесенесінің орталық бөлігінде жерленген. Қабір ұзындығы 2,20 метр, ені 1,20 метр, тереңдігі 2 метр 35 сантиметр. Бастапқыда ағаш саркофагта жерленген адамның қаңқа сүйегі шықты. Өкінішке қарай, табыт қираған. Тазарту кезінде сондай-ақ әйелдің бас жағына қойылған алтын кесе, иық тұсынан сырға, сондайақ қабірдің ішінен мата қалдықтары және былғары аяқкиім табылды. Мамандар әйелдің жасын және қай заманда өмір сүргенін анықтау үшін сүйек үлгілерін Америка мен Жапонияның әлемдік зертханаларына жіберген. Ал биыл Болған ана жаңғыртпасын жасау ісі қолға алынып, нәтижесі таңғалдырарлықтай болып шыққан. Осы жұмыстың таныстырылымы Қарағанды қаласында «Қазақстандағы археологиялық реконструкция: тарихы мен жаңа бағыттары» халықаралық ғылыми семинар-тренингінде өтті.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының 2021 жылы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені таныстырылған. Осы сапар аясында Болған ана реконструкциясы көрсетілген.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы басшысы Түлкібай Төлеуовтің айтуынша, Алтын Ордаға қатысты зерттеу жұмыстары үш жыл көлемінде жүргізілген. Табылған әйел адамның бетбейнесін, киімдерін қалпына келтіру жұмыстары бұрын еш жерде жасалмаған, аса жоғары сапада атқарылған. Бұл әйел адамның кім екендігіне қатысты түрлі болжам айтылған. Біреулер Жошы ханның келіні десе, енді бірі қызы дейді. Кім де болса атақты кісі екені аңғарылады. Аяқкиімі, баскиімі, айнасы, қанжары, алтын тостағанының өзі – керемет нұсқа. Болған ана реконструкциясындағы шапан – Алтын Орда уақытына жататын жалғыз шапанның жаңғыртпасы. Қалпына келтірілген тарихи жәдігер толық бір дәуірден сыр шертетіндей. Болған ана жаңғыртпасы гиперреалистік кейіпте жасалған. Бұл әдіс қазақ археологиясында алғаш қолданылып отыр. Мүсіншісі – Айдос Есмағамбетов. Ал Алтын Орда дәуіріне жататын жалғыз шапанның реконструкциясын қалпына келтіру – археолог Татьяна Крупаның еңбегі. Ал археологиялық қазба жұмыстары кезінде анықталған бірегей жәдігерлерді қолөнер шебері Бекболат Нұрданбекұлы қалпына келтірген. Көне заттарды қалпына келтіруші жәдігерлермен жұмыс жасауда ерекше әсер алғанын айтады.

– Мұнда алтын тостағанның қалай жасалғаны өте қызық. Қазақта түртпелеу деген ескі өнер бар. Жалпақ алтынды түртпелей отырып ою салу арқылы жасалады. Сол тәсілді қолдана отырып бастапқы қалпына келтіріп, сыртына балықкөз құралымен өрнек салдық.

Атқарылған жұмыстарға қарап Қазақстанда археологиялық реконструкция ісі жақсы жолға қойылғанын көруге болады. Мұны алыс-жақын шетелден келген зерттеуші ғалымдар да мойындайды.

Өткен дәуірлер тарихын зерделеуші оқымыстылар қатысқан семинар екі күнге ұласты. Бірінші күні отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен археологиялық реконструкциялар бойынша баяндамалар жасалды. Ертеңіне 2021 жылғы далалық маусымда табылған жәдігерлер бойынша ғылыми-әдістемелік кеңес өткен. Сонымен қатар іс-шара барысында тарихи мұраларды зерттеу және сақтау мәселелері ортаға салынды.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ

QH.