Тәуелсіздік: тіл саясаты

Мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайына қатысты алуан себеп пен факторларды атауға болады. Бірақ бүгінгі маңызды шаруа – осылардың ішіндегі ең өзекті де маңыздысын таңдап, соны нәтижелі іске асыру. Ол үшін өткен жылдарды саралап, қазақ тілінің даму бағытын айқындап алған абзал.

Еліміз Тәуелсіздік алған шақтан қазақ тілінің жаңа дәуірі басталды. Ең бастысы – әлем картасында пайда болған Қазақстан атты жаңа мемлекет өзінің басты тілі ретінде – қазақ тілін таңдады. 1993 жылы қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясында Қазақ тілімемлекеттік тіл болып бекітілді. 1995 жылы қабылданған Конституцияда да Қазақ тілі- мемлекеттік тіл болып бекітілді. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тіл саясаты тұжырымдамасы» мақұлданды. 1997 жылғы 11 шiлдеде «Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы» Заңы қабылданды. Осы кезеңдерден бастап Қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейте бастады.

Одан кейінгі кезеңдерде елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы», «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Қазіргі кезде елімізде тіл саясаты бағытындағы шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып келеді. Әр бағдарлама аясында облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес көрсеткіштерге қол жеткізілуде.

1991 жылдары Қарағанды облысында, оның ішінде Қарағанды қаласында өзге этнос өкілдері, тиісінше орыс тілді тұрғындар басым болды. Сондықтан да, ең басты шаралар кеңсе тілін, қоғамдық орындардағы түрлі ақпараттарды қазақшалау бағытында болды. Қаншама құжатты қазақша жөнге келтірген сол жылдардағы тіл мамандарының еңбегін жоғары бағалауға болады.

1997 жылы Жезқазған облысы жабылып, оның құрамындағы қазақы аудандар – Жаңаарқа, Ақтоғай, Ұлытау, Шет аудандары Қарағанды облысына қосылуы да, облыстағы тілдік ахуалға өз әсерін тигізді. Облыстағы қазақ тілді кадрлардың қалыптасып, облыс орталығындағы қазақ тұрғындардың санының артуы да осы кезеңдерге байланысты.

Облыс тұрғындарының қазақ тілін қолданушылардың үлесі егемендіктің алғашқы жылында 40 пайызға жетпесе, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 80 пайыздан асып отыр. Әсіресе, қазақ тілі ахуалы өте төмен болған Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран қалаларында оң көрсеткіштер орын алуда.

Облыстағы құжат тілі тоқсаныншы жылдары толығымен орыс тілінде жүргізілді деуге негіз бар. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде мемлекеттік мекемелердегі шығыс құжаттардағы қазақ тілінің үлесі жыл санап артып келеді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу мәселесі тұрақты бақылауда. Бұл мәселе облыс, өңірлер әкімдіктері отырыстарында, аппараттық кеңестерде жиі қаралып, мемлекеттік органдардың жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі құжаттардың үлесіне тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бағдарлама қабылданған 2011 жылы облыс бойынша шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлесі 82%-ды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 90%- ға артты.

Кейінгі кезеңде қазақ тілін үйренушілер саны да артып келеді. Облысымызда алғашқы тіл курстары қолға алынған 2011 жылы қазақ тілі курстарына 1049 адам қамтылса, 2021 жылы 2484 адам жоспарға енді.

Ағылшын тілін оқытуға 2011 жылы – 267 адам, 2021 жылы – 1987 адам оқытылды.

Білім беру ұйымдарында қазақ тілін дамыту жұмыстарына басымдық берілуде. Егемендік алған алғашқы кезеңдерде көптеген ауыл адамдары көшіп кетіп, қазақ ауылдарындағы мектептер жабылғаны белгілі. Сондықтан да, облыстағы қазақ мектептерінің саны артты деп айта алмаймыз. Алайда, қазақ тілінде оқушылар саны 3 есеге көбейді. Мысалы 1991 жылы облыстағы мектептерде 38200 бала қазақ тілінде білім алса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 107176-ға артты. Облыстағы балабақшалардағы қазақ тілді топқа баратын балалар саны 1991 жылы – 13254 болса, 2021 жылы – 25886 жетті.

Көшедегі көрнекі ақпарат пен жарнамалар тоқсаныншы жылдары толықтай орыс тілінде болды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ тілінде ақпараттар іліне бастады. Дегенмен, олардың дені сауатсыз, не болмаса дұрыс аударылмаған мәтіндер болды. Осыған сәйкес рейд жұмыстары, ақпараттықтүсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Кейінгі он жылды алып қарасақ та бұл бағытта оң өзгерістер бар. Мысалы, 2011 жылы қазақ тілінде дұрыс жазылған көрнекі ақпараттар үлесі 30% ғана болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 90%-дан асты.

Қоғамның назарын өзіне аударып, ең үлкен қадамдар жасалған сала – ономастика болды.

Егемендіктің нышаны аймақтағы елді-мекендер мен көше атауларында көрініс тапты.

1991-2021 жылдар аралығында облыста 1569 құрамдас бөлік пен 117 әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауы өзгеріп, қаншама ауылдарымызға тарихи атаулары қайтарылды. 98 мекеменің атауы өзгертілді.

Оның ішінде 1997 жылы Ульянов ауданына Бұқар жыраудың, Мичурин ауданына Абайдың есімінің берілгені нағыз тарихи оқиға болды. 2000 жылы Қарағанды қаласындағы Советский ауданы Қазыбек би ауданы болып қайта аталды.

Бұлар қазір статистика ретінде айтылғанымен, әрбір ауысқан атаулардың артында қаншама дау-дамай, айтыс-тартыстар, соған орай ұйымдастырылған орасан зор еңбектер тұр.

Анықтама:

1991-1996 жылдар аралығы облыстық Тіл комитеті жұмыс жүргізді. Бұл кезеңде қала мен аудандарда Тіл басқармалары жұмыс жасап, олар тікелей облыстық Тіл комитетіне бағынды.

1996-1999 жылдар аралығы облыстық ақпараттандыру, келісім басқармасында тіл бөлімі;

1999-2005 облыстық ішкі саясат басқармасында тіл бөлімі;

2005 жылдан бастап Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы.

Бүгінгі таңда басқарма құрамында 10 штаттық бірлік бар. Басқарма бағынысында 2018 жылы ашылған облыстық ресурстық тіл орталығында 12 маман жұмыс істейді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

QH