Құтқарушы болу – өмірлік мұрат
Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл толып отыр. Осы уақфт ішінде бұл сала өзінің айқын жүйесін қалыптастырып қана қоймай, батылдық, жанқиярлық пен борышқа адалдыққа негізделген ерекше қызмет рухын қалыптастырды. Құтқарушылар қатарына жыл сайын жаңа, өз ісіне адал, жауапкершілікті серік еткен мамандар қосылып келеді. Солардың бірі – қарағандылық өрт сөндіруші-құтқарушы Думан Исабаев.
Думан Исабаев 1995 жылы 24 мамырда Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында дүниеге келген. Ол Төтенше жағдайлар министрлігімен түйдей құрдас. Тағдыр оған ерекше жол сыйлады – ол өмірін адамдарды құтқару ісіне арнауды таңдады.
«Менің бұл жолдағы алғашқы қадамым әскерде басталды. Ұлттық ұлан құрамында өрт сөндіру бөлімінде қызмет еттім. Сол кезде алғаш рет өз өмірің емес, өзгенің өмірі үшін әрекет етудің не екенін сезіндім», – дейді ол.
Әскерден кейін Думанның шешімі айқын болды: өмірін құтқару қызметімен байланыстыру. Ол Қарағанды университетінде «Өміртіршілік қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білім алып, 2016 жылы азаматтық қорғау саласына қызметке орналасты.
«Құтқарушы болу – оңай іс емес. Бұл кәсіп физикалық та, рухани тұрғыдан да үлкен жауапкершілік талап етеді. Дабыл қағылған сәтте күмәнға орын жоқ. Құтқарушы үшін “қаламаймын” деген ұғым болмайды – тек борыш бар», – дейді ол.
Думанның айтуынша, бұл ішкі ұстаным оған кез келген қиын сәтте берік болуға көмектеседі.
«Кейде аса ауыр жағдайлардан кейін де ойлайсың: мен сол жерде бекер болған жоқпын. Себебі құтқарушы болу – бұл жай мамандық емес, бұл – жанның күйі», – дейді ол.
Қызмет жылдарында ол ондаған өрт пен төтенше жағдай кезінде адамдардың өмірін сақтап қалуға қатысқан. Бірақ бір оқиға оның жадында мәңгі сақталыпты.
«Бұл Актас кентіндегі өрт болатын. Көпқабатты үйдің подъезі қою түтінге толып, көзге түртсе көргісіз еді. Сол сәтте әйел адамның “Көмектесіңдер, балам іште қалды!” деген дауысын естідім. Ештеңе көрмей, тек дауысына қарай бағыт алдым. Баланы көтеріп алып, анасына “Қасымнан қалмаңыз!” дедім. Осылайша екеуін де қауіпсіз жерге алып шықтық», – деп еске алады ол.
Бұл оқиғадан кейін Думан өмір мен өлім арасындағы сәттің қаншалықты нәзік екенін және сол сәтте шешім қабылдау жылдамдығы бәрінен маңызды екенін терең түсінген.
«Құтқарушы ешқашан қорықпайды деу дұрыс емес. Қорқыныш әрдайым болады, бірақ ол әлсіздік емес. Қорқыныш – ақылдың сергектігін сақтайтын сезім. Нағыз күш – сол қорқынышты жеңіп, алға ұмтылуда», – дейді ол.
Қазір Думан Исабаев Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет етеді. Оның кәсібилігі мен табандылығы әріптестерінің құрметіне бөленген. Бірақ өзі бұл жайлы асыра айтып, батырлыққа телінуді қаламайды.
«Құтқарушы болу – романтика емес. Бұл күнделікті еңбек, темірдей тәртіп және шешімді сәтінде дұрыс қадам жасай білу. Бұл мамандықта ең бастысы – ыстық жүрек пен салқынқандылық», – дейді ол сабырмен.
Думанның пікірінше, нағыз батыр – қорықпайтын адам емес, қорқынышына қарамастан алға жүретін жан.
«Балаңның “Менің әкем – өрт сөндіруші!” деп мақтанышпен айтқаны – ең үлкен марапат», – дейді ол күлімсіреп.
Исабаевтың өмір жолы – Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық тарихындағы мыңдаған ерлік пен адалдыққа толы оқиғалардың бірі ғана. Осындай жандардың арқасында бұл қызметтің рухы мен абыройы асқақтап тұр.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

