Сальмонеллез туралы не білесіз?

Сальмонеллез – бактериялар тудыратын сальмонелла ауруы, ас қорыту органдарының зақымдануына әкелетін қауіпті ауру. Аурудың белгілері инфекциядан кейін 6-72 сағат арасында пайда болады және 2 күннен 7 күнге дейін созылады.

Аурудың негізгі белгілері: жүрек айниды, лоқсу, құсу, жалпы әлсіздік байқалып, іш ауырады, кейінірек іш өтеді, 39 С – 40 С-қа дейін дене қызуы көтеріледі. Аурудың өршу кезеңінде бірнеше рет құсуы мүмкін, 7-10 күнге дейін сұйық нәжіс тәулігіне 10 рет болуы мүмкін, тұз-су балансы бұзылады.

Инфекция көзі – үй жануарлары (ірі қара, қой, шошқа), құс (қаз, үйрек).

Сальмонелла қоршаған ортаға өте жақсы бейімделеді, суда 120 күн, ет-шұжық тағамдарында 2-ден 4 айға дейін, мұздатылған етте 1 жылға дейін, сүтте 10 күнге дейін, сары майда 4 айға дейін, ірімшікте 1 жылға дейін, топырақта 18 айға дейін тіршілік етеді.

Олар ет және сүт өнімдерінде сақталып қана қоймай, сонымен қатар өнімдердің сыртқы келбеті мен дәмін өзгертпей көбейеді. Сальмонеллез кезінде пайда болған бактерия адамның сыртқы көрінісінен білінбейді, ал қоздырғышы сыртқы ортаға 5 күннен 3 айға дейін бөлінеді.

Сальмонеллезбен қалай науқастанады? Көбінесе термиялық өңдеуден дұрыс өтпеген, жарамсыз, сақтау шарттары бұзылған, сату кезеңдерін орындамаған кезде (әсіресе ет, тартылған ет, шұжық, тауық, жұмыртқа және т.б.), тағам жегенде жұғуы мүмкін. Сүт өнімдерінде де инфекция болады.

Инфекцияның екінші жолы – су, ашық су немесе апат жағдайындағы ағын су болуы да мүмкін.

Төмендегі ұсынымдар сальмонеллезден сақтануға ықпал етеді:

– Дайындалатын тағамның толық піскеніне көз жеткізу (шала піскен тағамдарды пайдаланбау);

– Шикі сүттен және шикі сүт өнімдерінен сақ болу (пастерленген немесе қайнатылған сүт ішкен абзал);

– қоғамдық тамақтану пункттерінде де, үйде де өнім сақтау және өңдеу ережелерін сақтау қажет;

– үйде ас турайтын тақтай, пышақ, тоңазытқыш сөрелері, асүйге арналған жалпы ыдыс-аяқты шикі және дайын тамаққа жеке бөліп қолдану;

– балалар тамағының сапасына және балалар ыдысының тазалығына, әсіресе бөтелкелер мен емізіктердің тазалығына назар аудару;

– қолды мұқият және жиі сабындап жуу;

– жемістер мен көкөністерді мұқият жуу.

Дәрігердің кеңесіне үнемі құлақ асыңыз. Денсаулыққа бейжай қарамаңыздар!

Рамазанова Б.А.,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы

ауданының СЭББ бас маманы