Электр желілері жаңартылуда

Қарағандыда электр инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. «Қарағанды Жарық» ЖШС қаланың бірнеше ауданында электр желілерін реконструкциялап, ескірген инфрақұрылымды жаңғыртуда. Сонымен қатар жаңа трансформаторлық қосалқы станциялар салынып, электр нысандары заманауи бақылау және басқару жүйелеріне көшірілуде.

Ірі жобалардың бірі Узенка/ЖБИ аумағында жүзеге асырылып жатыр. Мұнда реконструкцияның бірінші кезеңі аяқталған. Жоба аясында 25 шақырым жаңа электр желісі тартылып, 1059 темірбетон бағана орнатылды. Нәтижесінде 1,4 мыңнан астам үй жаңа электр желілеріне қосылды. Бұдан бөлек, үш жаңа трансформаторлық қосалқы станция салынып, қолданыстағы электр тораптары жаңғыртылды.

Шілде айынан бастап жұмыстың екінші кезеңі басталды. Бұл кезең елді мекеннің қалған бөлігін қамтиды. Мұнда тағы 40 шақырым электр желісін тарту және 2,1 мыңнан астам жаңа бағана орнату жоспарланған. Сондай-ақ 1,8 мыңнан астам үй мен абонентке жаңа электр желілерін жеткізу көзделіп отыр.

Электр инфрақұрылымын жаңарту Әлихан Бөкейхан ауданындағы жеке секторда да жүргізілуде. Галантерейная, Мануфактурная және Социалистическая көшелеріндегі жұмыстар 136 үйді қамтиды. Бұл аумақта ескі электр желілері мен бағаналар жаңасына ауыстырылып, жалаңаш сымдардың орнына заманауи қорғалған сымдар тартылады. Сонымен қатар трансформаторлық қосалқы станция жаңғыртылады.

Оңтүстік-Шығыс ауданында да ірі қоректендіруші желілер қайта жаңартылуда. Мұнда 12 шақырымнан астам жаңа кабель тартылып, екі трансформаторлық қосалқы станция жаңартылады. Жолдар мен инженерлік коммуникациялар қиылысатын учаскелерде көлденең бағытталған бұрғылау технологиясы қолданылуда. Бұл тәсіл жол жабындысын кең көлемде қазбай, кабельдерді жер астымен жүргізуге мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды жоба Жаңа Майқұдықта жүзеге асырылып жатыр. Мұнда жеті қоректендіруші желі «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясына ауыстырылады. Жоба аясында 18 шақырымнан астам жаңа жерасты кабелі тартылады. Ал шамамен 9,5 шақырым ескі әуе желісі мен 40 электр бағанасы бөлшектеледі.

Жаңғырту жұмыстары электр желілерін ауыстырумен ғана шектелмейді. Жаңа және жаңартылған нысандар автоматтандырылған есепке алу, бақылау және басқару жүйелерімен жабдықталуда. Бұл диспетчерлерге желінің жұмысын қашықтан бақылап, оның жағдайы туралы ақпаратты жедел алуға және ақауларға тез әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – тозығы жеткен электр инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту, электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және қаланың дамып келе жатқан аудандарында қосымша қуат қорын қалыптастыру. Жаңарған желілер алдағы уақытта тұрғындарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»