Әліпби реформасы: нақты мерзім әзірге белгісіз
Қазақ тілін латын графикасына көшіру реформасының нақты мерзімі әзірге белгісіз. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан мәлімдеді.
Қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесі 2012 жылдан бері талқыланып келеді. 2017 жылы реформаны 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған болатын. Кейін бұл мерзім қайта қаралып, 2031 жыл межелі уақыт ретінде белгіленді.
Алайда әліпби нұсқасын әзірлеу барысында бірқатар мәселелер туындады. 2022 жылы ғалым-лингвистер Ұлттық құрылтайда латын графикасына негізделген жаңа әліпби жобасын ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әліпбиді әзірлеу кезінде қателіктерге жол берілгенін айтып, реформаны асықпай, жан-жақты пысықтауды тапсырған еді.
Қазіргі таңда әліпби жобасы мен қазақ тілінің жаңа орфография ережелері жетілдіріліп жатыр. Тіл саясаты комитетінің мәліметінше, тиісті нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданғанға дейін латын графикасын әртүрлі нұсқада қолдану негізсіз.
– Қазіргі уақытта латын графикасы негізіндегі әліпби жобасы мен орфография ережелері жетілдірілуде. 2022 жылы ғалым-лингвистер ұсынған жаңа жобаны пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір нақты мерзім жоқ, бірақ жетілдіру жұмыстары жалғасуда, – деді Эльмира Асан.
Реформаның қаржыландырылуы да уақытша тоқтатылған. Бұған дейін бөлінген қаражаттың басым бөлігі бюджетке қайтарылған. Жаңа қаржы әліпби мен орфография ережелері ресми түрде бекітілгеннен кейін ғана қарастырылмақ.
Осылайша, латын әліпбиіне толыққанды көшу нормативтік құжаттар қабылданып, жаңа әліпби мен емле ережелері түпкілікті бекітілгеннен кейін басталады. Ал әзірге негізгі жұмыс – реформаны сапалы әрі тілдің ерекшеліктерін ескере отырып жетілдіру.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

