Қамқорлықтан – үлкен мүмкіндікке
Қоғамның өркениеттілігі әлсізге қаншалықты қолдау көрсете алатынымен өлшенеді. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалар үшін қолжетімді орта қалыптастыру, олардың білім алып, қарым-қатынас жасап, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау – бүгінгі күннің маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі.
Қарағандыда бұл бағыттағы жұмыстарға үлес қосып отырған әлеуметтік жобалардың бірі – «Маяк» инклюзивті орталығы. Жақында орталықтың жаңа ғимараты ашылып, ерекше балалар мен жасөспірімдер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кеңістік ментальды және дене даму ерекшеліктері бар 50 бала мен жасөспірімге арналған.
Жаңа орталықтың басты ерекшелігі – баланы қоғамнан бөліп қарамай, керісінше, ортаға бейімдеуге бағытталғаны. Мұнда тәрбиеленушілер құрдастарымен араласып, жаңа дағдыларды меңгеріп, шығармашылықпен айналысады. Яғни мақсат тек баланың бос уақытын ұйымдастыру емес, оның әлеуетін ашып, өзіне деген сенімін қалыптастыру.
Бұл – әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыты. Себебі ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасы үшін мамандардың көмегімен қатар, баласының қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік беретін орта аса қажет. Мұндай орталықтар ата-ананың жүгін жеңілдетіп қана қоймай, баланың күнделікті өмірге бейімделуіне ықпал етеді.
«Маяк» орталығының жаңа ғимараты да осы мақсатты көздейді. Мұнда оңалтуға арналған кең кабинеттер, шығармашылық шеберханалар, әлеуметтену аймақтары және мамандар жұмыс істейтін заманауи бөлмелер қарастырылған. Бұрынғыға қарағанда көбірек бала қамтылып, олардың жеке қабілеттеріне қарай жұмыс жүргізуге мүмкіндік кеңейді.
Орталықта балалар тұрмыстық дағдыларды да үйренеді. Тамақ дайындау, тігін тігу, шығармашылықпен айналысу секілді қарапайым көрінген әрекеттер олардың болашақта өз бетінше өмір сүруіне қажетті дағдыларды қалыптастырады. Сонымен қатар белгілі бір кәсіпке бейімделуге, еңбекке араласуға деген алғашқы қадамдар жасалады.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – балалардың өздерін қоғамға қажет адам ретінде сезінуі. Әдетте ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтік ортадан шет қалу қаупі жоғары. Сондықтан олар үшін достарымен араласатын, білім алатын, қабілетін көрсететін және өз ойын еркін білдіретін қауіпсіз орта құрудың маңызы зор.
Орталықтың ашылуына орай өткен шарада осы жұмыстың басты мәніне ерекше назар аударылды. Адамның мүмкіндігі әртүрлі болғанымен, оның қадір-қасиеті бірдей екені айтылды. Осы ұстаным «Маяк» орталығының негізгі философиясымен де үндеседі. Мұнда әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның қабілетін дамытуға басымдық беріледі.
Жобаның бастамашысы – Қарағанды епископы Аделио Дель Оро. Бірнеше жыл бұрын ерекше жастар үшін арнайы орын ашу идеясын қолға алған бастамашының бұл ойы қайырымды жандардың қолдауымен жүзеге асты. Жаңа ғимараттың бой көтеруіне Қазақстанның әр өңірінен ғана емес, шетелден де жанашыр азаматтар үлес қосты.
Орталықта итальян-үнді конгрегациясынан келген монах-әпкелер, волонтерлер, оқытушылар мен тәрбиешілер еңбек етеді. Мұндай бірлескен жұмыс әлеуметтік жобаның тұрақты жүзеге асуына мүмкіндік беріп отыр.
– Әрбір адам – бірегей құндылық. Оның өз келбеті, өз тарихы, арман-тілегі мен қадір-қасиеті бар, оны сөзсіз қабылдау керек. Біз қоғам көбіне елемейтін осы балалардың бойындағы адами қадір-қасиетін өздеріне қайтаруға тырысамыз, – деді Қарағанды епископы Аделио Дель Оро.
Оның айтуынша, ерекше балаларға жағдай жасау – тек белгілі бір ұйымның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы ретте мемлекет, қоғамдық ұйымдар, қайырымдылық қорлары, еріктілер мен ата-аналар арасындағы әріптестік маңызды.
«Маяк» орталығының жұмысы да осы ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісі. Мұнда балаға тек көмек алушы ретінде емес, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қаралады. Оның қабілетін байқап, өздігінен шешім қабылдауына, адамдармен араласуына және болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік беріледі.
Сондықтан мұндай әлеуметтік жобалардың маңызы ерекше. Инклюзия – тек ғимаратқа кіріп-шығуға жағдай жасау емес. Бұл – әр баланың қоғам өміріне араласуына, білім алуына, достар табуына, еңбек етуге ұмтылуына және өз орнын табуына мүмкіндік беру.
Қарағандыдағы жаңа «Маяк» орталығы осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп отыр. Ең бастысы – ерекше балалар үшін жаңа ғимарат қана емес, жаңа орта, жаңа мүмкіндік және қоғамға ашылатын жаңа жол пайда болды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

