ӘРІПТЕСТЕР БОУЛИНГ ОЙНАП БӘСЕКЕЛЕСТІ

Шаһар журналистері арасында боулингтен турнир өтті. Шара Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы мен «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өткенін айта кету керек. Өйткені, бұған дейін мұндай жиындар сирек өтетін.

Спорт додасына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, турнирдің демеушісі, кәсіпкермеценат Ерлан Досмағамбетов арнайы келіп, журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, спорттық жарысқа «ArcelorMittal», «Строймарт», «BOOMER» кәсіпорындардың демеушілік көмек көрсеткенін айрықша атап өткен абзал. Ал, Әли Тойжігіт, Сағат Батырхан сынды ардагер журналистерді көріп, жастар буыны мамандар мәз болысты.

— Қарағанды журналистикасы жасарып келеді. Жас, білікті мамандар қаншама. Олар бізге қарағанда ұстамды, мұқият, бастысы — заман талабына сай барлық қабілетті меңгерген, — дейді журналист Ботакөз Омарова.

Сайысқа «Достар-Әлем» боулинг клубының жетекші мамандары төрелік етті. Әр құраманың ұпайын жіті қадағалап, жазып отырды.

Алғашқы кезең өте тартысты өтті. Сайыс басталғаннан-ақ ептілік танытқан «Saryarqa aqparat» командасы бұл кезеңде ең көп ұпаймен көш бастап, финалға шықты. Финалда «Бірінші Қарағанды» арнасына шамалы ғана ұпаймен есе жіберіп, жүлделі II орынды қанжығасына байлады. Ал, «SARYARQA» арнасының құрамасы III орынды місе тұтты. Сонымен бірге журналистер дауыс беру арқылы үздік баспасөз хатшыларын анықтады. Нәтижесінде ішкі істер және төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі «Үздік» деп танылды. Сондай-ақ, «Ең үздік соққы» және «Үздік жанкүйер» сынды номинация иелері де марапатталды. Журналистика саласының ардагерлері де әріптестерін қолдай келген.

– Аталмыш жарысты ұйымдастырушыларға мың алғыс. Жүлделі орынға ие болғандар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Маған «Үздік жанкүйер» аталымы бұйырды. Ақпарат саласы мамандары арасындағы осындай турнирлер жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрса құба-құп, – деді телевидение ардагері Әли Тойжігіт.

Ұйымдастырушылар мұндай спорттық шаралар алдағы уақытта да өткізілетінін айтады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН