Ресей циркінің сапары аяқталды

Ресейден біздің аймаққа арнайы гастрольдік сапармен келген цирк әртістерінің сапары сәтсіз аяқталды. Алдымен елдегі төтенше жағдайлар бойынша қатаң талаптар қойылды, артынша эпидемиологиялық ахуал нашарлап, карантиндік шектеулер жарияланды. Осындай қолбайлаулар салдарынан жоспарланған 18 қойылымның тек 3-еуі ғана қойылған.

Ресейлік цирк әртістері жаңажылдық демалыс уақытына арнайы ауқымды бағдарламалар даярлап келген. Алғашқы үшеуі ойдағыдай өткенімен, артынша барлығы тыйылған.

Ресей циркінің әуе гимнасы Анастасия Маркелова өзіне Қарағандының қатты ұнағанын әрі қарағандылық көрерменнің цирк әртістерін зор ілтипатпен қарсы алғанын айтады.

Абырой болғанда, ресейлік цирк бұл жолы жануарларсыз келген. Және бұл шешім өте орынды болғанын уақыт көрсетті. Дегенмен талап баршаға ортақ, гастрольдік сапарды аяқтауға мәжбүр болды. Алдымен елде орын алған белгілі жағдайға байланысты барлығы кейінге қалдырылған болатын. Орын алған үзілістен кейін әртістер көрерменді қуана қарсы алуға дайын еді. Бірақ, облыс төтенше жағдайлар режимінің қызыл аймағынан шығып, коронавирустың қызыл аймағына өтті. Артынша Ashyq жобасына қатысқанына қарамастан концерт залдарының, филармониялардың, театрлар мен цирктердің қызметіне тыйым салынады деген қаулыға нүкте қойылды.

Осылайша ашық алаңда да, жабық жерлерде де жаппай ісшараларға қайтадан тыйым салынады. Еске алу рәсімдерін Ashyq жобасына қатысатын объектілерде өткізуге рұқсат етіледі, бірақ 30 адамнан аспауы тиіс. Ashyq жобасына қатысқанына қарамастан түнгі клубтардың қызметі және караокебарлардың да іскерлігіне шектеулі тыйым салынды. Қоғамдық тамақтану объектілерінде бір үстел басында 4 адамнан артық болмауы тиіс (бір отбасы мүшелерін қоспағанда). Кинотеатрларға Ashyq қосымшасымен 30% адаммен жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ұйымдарда вакцинацияға қарамастан қызметкерлердің кемінде 70%-ын қашықтыққа ауыстыру қажет. Тіршілікті қамтамасыз ету және коммуналдық шаруашылық объектілері бұл тізімге жатпайды. Оқушылар саны 600 және одан көп қала мектептері мен аудан орталықтарының мектептері қашықтықтан оқытуға көшеді. Офлайн режимінде оқуды 1-2 сыныптар жалғастыратын болады. Кезекші сыныптар 3-5 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқыту аралас форматта жүргізіледі. Саудаойын-сауық орталықтары мен 100 шаршы метрден асатын азық-түлік емес сауда үйлеріне, сондай-ақ ауданы 6 000 шаршы метрден асатын азық-түлік желілеріне кіруге тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Бұл спорттықсауықтыру орталықтарына, фитнес-орталықтарға, моншаларға, сауналарға, бассейндерге де қатысты. Вакцинация мәртебесіне қарамастан шетелден келгендердің барлығы ПТР-тестін тапсырып, өзі сырқат тасымалдаушы еместігін растауы қажет.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ

QH.