Құнартылған ұнның пайдасы

Қазақстанда қаназдық қаупі көптеген адамда кездеседі. Бүгінгі күні қаназдық – микроэлементтер тапшылығынан кең таралған салдардың бірден-бірі. Ол адам денсаулығы мен ырыс-берекесіне ғана емес, жалпы еліміздің әлеуметтік өмірі мен экономикасына қауіпті зардап тигізеді. Дене және ақыл-ой белсенділігінің төмендеуі енбек өнімділігінің азаюына себеп болады. Қазақстанда халықтың әлсіз тобы арасында қаназдықтың таралуы әлі де маңызды мәселелер қатарында.

Осы ретте ұнды құнарландыру халық денсаулығын жақсартуға және елімізді экономикалық нығайтуға мүмкіндік береді. Құнарландыру (фортификация) дегеніміз – ұн тарту кезінде оған белгілі бір көлемде дәрумендер мен минералдар қосу процесі. Бұл – өнімнің сапасы мен қоректілік құндылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қоспа элементтер тағамдық сапаны арттырады, бірақ ұнның органолептикалық және басқа да қасиеттеріне әсерін тигізбейді және жанама құбылыстар туғызбайды.

Адам ағзасында дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі салдарынан денсаулығына қауіп төнуі мүмкін, ол ас құрамындағы темір мен фолий қышқылы сияқты дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігінен пайда болады.

Ересек адамдарға темір мен фолий қышқылы жетіспеушілігінен келесі салдарлар орын алады:

– жүктілік пен босану кезіндегі өлімнің 4%-ы қаназдыққа байланысты;

– салмағы аз, шала туған балалардың 30-40%-ы қаны аз әйелдердің босануына байланысты;

– барлық жүрек-тамыр, иммундық, эндокриндік, жүйке және басқа ағза мен жүйелер функциялары бұзылады;

– шала туу, күтпеген түсік пен өлі туу, нәресте дамуындағы туабітті ақау: миының жоқтығы, ми жарығының пайда болуы, омыртқаның бөлшектенуі, жақ сүйек пен бет пішінінің өзгеруіне байланысты жоғары деңгейдегі қауіп-қатер т.б.

Балаларға келетін салдар:

– дене бітімінің психомоторлық дамуындағы жетілмеуі;

– әлсіреген иммунитет, індет пен зиянды экологиялық факторларға тұрақтылықтың нашарлауы.

Осыған байланысты халық денсаулығын жақсарту мақсатында қазіргі уақытта «Міндетті фортификациялауға жататын тағамдық өнімді байыту (фортификациялау) және оның нарығындағы айналысы қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 31 қазандағы № ҚР ДСМ-176/2020 бұйрығының орындалуы барысында Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы аумағында орналасқан диірмен кешендері, атап айтқанда, «Эталон ЛТД» ЖШС, «Карагандинский мелькомбинат» ЖШС, «Ақжайық» ЖШС, «Сарыарқа» ЖШС, «Дамир АА» ЖШС, «Өркентау LTD» ЖШС, «BEST MILL» құнартылған ұн шығарады. Аталған ұнды Қарағанды қаласының барлық сауда орнынан және базарлардан сатып алуға болады. Олар ыңғайлы 2, 5, 10, 25, 50 келі көлеміндегі қағаз және полипропилен қаптамаларында сатылады. Құнартылған ұн тұтыну адам ағзасында қаназдықтың орын алуына жол бермейді, адам ағзасының иммунитетін нығайтуға ықпал етеді.

Дені саудың жаны сау, денсаулықты сақтау өз қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар!

Н.М.Аймағанбетов,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы