Мергендер жарысы

Демалыс күндері Қарағандыда жеткіншектер арасында садақ атудан республикалық турнир өтті. Қазақстанның түкпір- түкпірінен жиылған 150 жас спортшы нысананы дөп көздеп мергендікте бақ сынасты. Жебесі желмен жарысқандар үш стиль бойынша кім мықтыны анықтады.

Садақ пен қазақ — егіз ұғым. Алайда ердің бес қаруының бірі саналатын сол садақты қазіргі ұрпақ тек музейден ғана көруде. Садақтың баптауын келтіре алмай жүрміз бе, әлде сақтауын келтіре алмай жүрміз бе, беймәлім. Олай дейтініміз — садақ ату ұлттық спорты әлі де болса қажетті деңгейде ұлықталмай отыр. Дегенмен жастарды дәлдікке, ептілікке, мергендікке баулитын, атадан мирас болып жеткен ұлттық спортты жанына серік еткен жас мергендер өсіп келеді. Осындай бір топ садақшы Қарағанды жерінде бақ сынасты. Дәстүрлі садақ атудан 7–18 аралығындағы жеткіншектер қатысқан республикалық ашық турнир өтті. Дәлдік, ептілік, мергендік, салқынқандылық — садақ ату спортынан даритын қасиет. Нысанаға дәл тигізу үшін күніне бірнеше сағат жаттығу керек. Осындай қасиеттерді жастар бойына дарытатын бұл спорт түрі Қазақстанда соңғы екі жылда белсенді дамып келеді. Оған дәлел — Қарағанды жерінде өткен мергендер біріншілігі. Қатысушылар 4 жас санатына бөлінді: 7–9 жас, 10–12, 13–15 және 16–18 жас. Әр категорияда 10 метрден 25 метрге дейінгі қашықтық көрсетілді. Жас спортшылар үш стиль бойынша жарысты: Фито, Путо және Жамбы.

Фито — олимпиадалық ату спортында қолданылатын стандартты нысана. Путо — жау сұлбасына ұқсас нысана. Бас, мойын және іш аймағын белгілеу бар. Әр аймақ белгілі бір ұпай критерийлері бойынша бағаланады. Жамбы — диаметрі 25 сантиметр болатын нысана. Көлемі шағын болғандықтан, нысананы дәл көздеу оңайға соқпайды.

Жарыс қорытындысы бойынша, Нұр- Сұлтан, Алматы және Маңғыстау облыстарының қатысушылары ең көп медаль иеленді. Қарағандының жас спортшылары 2 алтын, 1 күміс және 4 қолаға қол жеткізіп жақсы бәсекелестік байқатты.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»