Мемлекет басшысы Ұлытау облысының даму перспективаларымен танысты
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали Президентке облыстың әкімшілік орталығы Жезқазған қаласының және өңірдің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндады. Экологиялық ахуалдың нашарлауы, аймақ арқылы өтетін республикалық жолдардың тозуы, экономиканың әртараптандырылмауы немесе ірі кәсіпорынға тәуелділік, инженерлік коммуникация жүйелерінің ескіруі және әлеуметтік сала өңірдің негізгі проблемалары ретінде атап өтілді.
Берік Әбдіғали экономиканы әртараптандыру ісін жеделдету үшін арнайы экономикалық аймақ құру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталатынын, ал Жезқазған қаласына Есқұла құбырымен су тарту 2023 жылы басталатынын жеткізді.
Өңір әкімінің деректеріне сәйкес облыс орталығындағы тұрғын үйлердің 33 пайызы ескірген. Қазір тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған. Сонымен қатар 2022 – 2023 жылдары қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 тұрғын үй салу жоспарланған.