Колледждердің спорт нысандарын жалға беруге рұқсат етілді

Қазақстандағы колледждерге оқу уақытынан тыс кезеңде спорт нысандарын жалға беру құқығы берілді. Бұл мүмкіндік «Білім туралы» заңға енгізілген өзгерістер аясында қарастырылған. Бұған дейін мұндай құқық тек мектептерге берілсе, енді орта арнаулы білім беру ұйымдары да спорттық инфрақұрылымын тиімді пайдалана алады.

Енді колледждердің спорт залдары, бассейндері мен стадиондары қала және ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болады. Кез келген азамат спортпен шұғылдану, жаттығу өткізу немесе белсенді демалыс ұйымдастыру үшін аталған нысандарды жалға ала алады. Спорттық нысандар оқу сабақтары аяқталғаннан кейін, яғни кешкі уақытта, демалыс күндері және каникул кезеңінде пайдалануға беріледі. Жалға беруден түскен қаражат колледждердің материалдық-техникалық базасын дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, қаржы спорт нысандарын жөндеуге, құрал-жабдықтарды жаңартуға және спорттық инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады.

– Бұл өзгеріс колледждердің спорттық инфрақұрылымын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұған дейін бос тұратын спорт залдары мен басқа да нысандар енді тұрғындардың игілігіне қызмет етеді. Сонымен қатар бұл бастама бұқаралық спортты дамытуға және халық арасында дене шынықтырумен тұрақты айналысуға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді, – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова.

Жаңа тәртіп колледждердің мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, тұрғындардың спортпен айналысуына қосымша мүмкіндік береді. Осы арқылы елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бұқаралық спортты дамытуға жаңа серпін берілмек.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»