Кен өндірісіндегі басты құндылық – қауіпсіздік
Қарағандыға жұмыс сапарымен барған Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Костенко атындағы көмір шахтасында болып, кәсіпорындағы өндірістік үдерістермен және өнеркәсіптік қауіпсіздік шараларымен танысты.
Жұмыс сапары барысында министр шахтаның шамамен 700 метр тереңдігінде орналасқан минус 100 горизонтына түсіп, тау-кен қазбаларының жай-күйін, өндірістік жабдықтарды және жерасты жұмысындағы қауіпсіздік жүйелерін көрді.
Жер астына түсер алдында министрге шахтада қолданылатын аварияларды жою жоспары таныстырылды. Сондай-ақ штаттан тыс жағдай туындаған кезде жұмысшылар мен жауапты қызметкерлердің атқаратын іс-қимыл тәртібі түсіндірілді.
Жерасты өндірісінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі – техникалық жүйелердің тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуі. Осыған байланысты Мұрат Мұханов желдету, байланыс және хабарлау жүйелерінің жағдайымен танысты. Сонымен қатар тау-кен қазбалары мен өндірістік жабдықтардың жұмысын қарап шықты.
Көмір шахтасында қауіпсіздік талаптарын сақтау – өндіріс үдерісінің ажырамас бөлігі. Себебі жер астындағы еңбек жағдайы өндірістің технологиялық ерекшеліктерімен тікелей байланысты. Мұнда әрбір жұмысшының қауіпсіздігі, төтенше жағдайға дайындық және өндірістік бақылаудың тиімділігі ерекше маңызға ие.
Костенко атындағы шахта 1942 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде кәсіпорында 1 100 адам еңбек етеді. Шахтадағы тау-кен қазбаларының жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асады.
Қазіргі уақытта кәсіпорында 47 К2-Батыс лавасы игерілуде. Сонымен бірге 44 К2-Шығыс лавасын дайындау үшін тау-кен қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өндірістік жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуы шахтаның тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өндірістік бақылау жүйесі, қызметкерлердің кәсіби дайындығы және тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізу мәселелері талқыланды. Мұнда мамандардың білімі мен тәжірибесімен қатар, қауіпсіздік талаптарын күнделікті сақтау мәдениетінің маңызы атап өтілді.
Жер астындағы еңбек – жоғары жауапкершілікті қажет ететін кәсіп. Сондықтан өндірістегі әрбір технологиялық үдеріс адам өмірінің қауіпсіздігімен сабақтас. Қауіптің алдын алу, жұмысшыларды төтенше жағдайларға дайындау, техникалық жүйелерді тұрақты бақылауда ұстау – өндірістік қауіпсіздіктің негізгі тетіктері.
Костенко атындағы шахтадағы жұмыс сапары жерасты өндірісіндегі қауіпсіздік шараларын үнемі жетілдірудің қажеттігін көрсетті. Ең бастысы – өндірістің тұрақты жұмысымен қатар, оны қамтамасыз етіп отырған еңбек адамдарының амандығын сақтау.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

