Халық заңгері
Төлемдер, интернет-алаяқтық, жер және коммуналдық мәселелер. Қарағандыда «Халық заңгері» акциясы өтті. Ниет білдіргендердің барлығы әр түрлі мәселе жөнінде білікті заңгерлер көмегін тегін алды.
Марат Балақаев әлеуметтік желілерден Қарағандыда мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығында республикалық «Халық заңгері» аясында тегін акция өтетінін білді. Оның регрессиялық төлемдерге қатысты сұрағы бар, сондықтан ол кеңес алуға бірден бет алған.
– Мен бүгін акцияға көптен бері жауабын таппай келе жатқан сұрақтарымды дайындап келдім. Қуанышқа орай, қызметкерлер мәселемді шешіп берді. Әрине, оңай жұмыс жоқ. Мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса дейміз. Халыққа керегі – дұрыс жол бағыттаушылар. Бүгінгі келген мамандар өте тәжірибелі, әйтпесе мың түрлі адамның мың түрлі сұрағына жауап беру кез келген маманның қолынан келмейді, – дейді қала тұрғыны Марат Балақаев.
Бірі коммуналдық қызметке қатысты сұрақтармен келсе, бірі алимент жөнінде кеңес алды, көбісі алаяқтарға алданған. Консультацияларды әкімдіктердің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Әділет департаментінің, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары қоғамдастығының мамандары көрсетті.
2016 жылдан бастап «Халық заңгері» республикалық акциясына 8 мыңнан астам маман қатысты. Үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, мәселелерін шешіп берді. Акцияның ауқымы мен форматы әлемдік деңгейде. Қарағанды өңірінде акция 7 қала мен 6 ауданда өткізіледі және, мамандардың айтуынша, одан әрі жалғаса береді.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»