Ел болашағы – әрқайсымыздың таңдауымыздан басталады
Менің ойымша, сайлау – әр адамның еліміздің болашағы қандай болатынына ықпал етуге мүмкіндік беретін маңызды құрал. Біз көбіне айналамызда өзгерістер болғанын қалаймыз. Алайда еліміздің дамуы тек мемлекет қабылдайтын шешімдерге ғана емес, әрқайсымыздың белсенділігімізге де байланысты екенін түсінуіміз керек.
Әр азаматтың өз таңдауын жасауға және өз ұстанымын білдіруге құқығы бар. Сондықтан сайлаудан шет қалмай, кандидаттар мен олардың бағдарламаларымен танысып, саналы таңдау жасау маңызды деп есептеймін.
Біз бәріміз өмір сүруге, жұмыс істеуге, отбасын құруға және өз идеяларымызды жүзеге асыруға қолайлы, көрікті, таза әрі дамыған елде өмір сүргіміз келеді. Бірақ елімізді қандай болсын деп армандайтынымызды айтып қана қою жеткіліксіз. Оның дамуына өзіміз де белсенді түрде атсалысуымыз қажет.
Ал сайлау – осындай мүмкіндіктердің бірі. Сондықтан 23 тамызда әр азаматты өз сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасауға шақырамын. Бұл – біздің еліміз, біздің ортақ болашағымыз. Оның дамуына әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз.
Мен бұл туралы жастармен көп жылдық жұмыс тәжірибеме сүйене отырып айта аламын. 10 жылдан астам уақыт бойы волонтерлік қозғалысты дамытып, жастарға арналған жобаларды жүзеге асырып, қоғамдық жұмыстармен айналысып келемін. Осы уақыт ішінде жастардың елімізде әлдеқайда белсенді бола түскенін көріп жүрмін. Бұл, әрине, қуантады. Сонымен қатар бүгінгі таңда жастардың бастамаларына қолдау көрсетіліп келеді.
Жастар жаңа идеялар ұсынудан, өз жобаларын жүзеге асырудан, волонтерлікпен айналысудан және қоғамдық өмірге белсенді қатысудан қорықпайды. Мен үшін бұл – жастардың айналасында болып жатқан оқиғаларға шын мәнінде бейжай қарамайтынының көрсеткіші.
Әрине, бұл белсенділікті одан әрі дамытуға болады және дамыту қажет. Менің ойымша, жастар өзгерістің әрқайсымыздан басталатынын түсінуі маңызды. Егер біз көрікті, таза әрі дамыған елде өмір сүргіміз келсе, оның дамуына өзіміз де атсалысуымыз керек.
Бүгінде Қазақстанда жастардың қоғамдық өмірге араласуына және олардың бастамаларына қолдау көрсетуге жағдай жасалып жатқаны маңызды деп ойлаймын. Жастардың қоғамға пайдасын тигізуге деген энергиясы мен мүмкіндігі бар. Ең бастысы – осы әлеуетті елдің дамуына бағыттай білу.
Аймира БАГРАМОВА,
қоғам белсендісі.

