Қарқаралы ауданында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Жаңатоғaн ауылы маңында құрғақ өсімдіктердің жануын сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Өртті сөндіру жұмыстары қатты желдің екпініне, сондай-ақ таулы жер бедеріне байланысты қиындап отыр. Бұл жекелеген өрт ошақтарына жетуді қиындатып, өрттің одан әрі таралу қаупін туындатуда.
Қазіргі уақытта елді мекенді қорғау және өрттің ауылға қарай таралуына жол бермеу мақсатында ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Өртті оқшаулау және жою бойынша жұмыстар жүргізілуде, жағдайға тұрақты мониторинг жасалуда. Өрт орнына ТЖД-ның қосымша күштері мен құралдары жіберілді.
Облыстың Төтенше жағдайлар департаментінде жұмылдырылған күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіретін жедел штаб құрылды.
Қазіргі уақытта елді мекенге өрттің таралуына жол берілген жоқ. Өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда.
