Өңірдің дамуы — ел дамуы

Бүгінде Қазақстан қоғамдық-саяси жаңғырудың маңызды кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекеттік жүйедегі өзгерістермен бірге азаматтардың да талап-тілегі артып келеді. Халық ел көлеміндегі шешімдермен қатар, өзі тұратын, еңбек ететін және бала тәрбиелейтін жерде нақты өзгерістер болғанын қалайды.

23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – конституциялық жүйе жаңарып жатқан кезеңдегі ел үшін маңызды саяси оқиға. Алдағы сайлаудың өңірлер үшін де маңызы ерекше. Өйткені мемлекеттік саясаттың нәтижесі ең алдымен жергілікті жерлерде байқалады.

Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Бір жерде экономиканың негізін өнеркәсіп пен өндіруші сала құраса, енді бір өңірде ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, көлік немесе қызмет көрсету саласы басым. Соған сәйкес олардың алдында тұрған міндеттер де әртүрлі. Кейбір елді мекендер үшін инфрақұрылым мен жол мәселесі өзекті болса, енді бірі үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту, абаттандыру немесе әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру маңызды.

Сондықтан өңірлердің дамуын бір ғана үлгіге салып жоспарлау мүмкін емес. Бұл ретте халықтың нақты қажеттіліктері мен әр аумақтың өзіндік ерекшеліктерін ескеру қажет. Облыстардың экономикалық әлеуетін барынша тиімді пайдаланып, қалыптасып жатқан мүмкіндіктердің ірі қалалармен қатар шағын елді мекендерге де қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды.

Алдағы сайлау науқаны саяси күштер өздерінің елді одан әрі дамытуға қатысты көзқарастарын таныстыратын маңызды алаңға айналады. Партиялардың бағдарламаларында экономика, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, ауылдық аумақтарды дамыту, әлеуметтік саясат, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі және жастарды қолдау мәселелері қамтылады. Ал саналы таңдау жасау қоғам үшін бүгін қандай мәселелердің маңызды екенін және саяси үдеріске қатысушылар оларды шешудің қандай жолдарын ұсынып отырғанын түсінуден басталады.

Сондықтан 23 тамыздағы сайлау – жаңа мемлекеттік институтты қалыптастыру мәселесі ғана емес. Бұл – болашақ туралы, өзіміз өмір сүріп жатқан елді мекендер мен өңірлерді қандай күйде көргіміз келетіні туралы ойлануға берілген мүмкіндік.

Еділ БЕК