Сайлаушының жадына
Сайлау күні әр азаматтың тіркелген мекенжайында болуы міндетті емес. Қызметтік іссапар, басқа елді мекенге сапар немесе уақытша басқа жерде болу азаматтың сайлауға қатысуына кедергі болмауы тиіс.
Заңнамада сайлаушының нақты жүрген жері бойынша дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін азамат алдын ала өзінің тұрақты тіркелген жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясына жүгініп, есептен шығару куәлігін алуы қажет.
Құжатты алу кезінде паспорт немесе жеке куәлік болуы керек. Есептен шығару куәлігі берілгеннен кейін сайлаушының тіркелген жеріндегі сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.
Алайда мұнда ескеретін маңызды талап бар. Егер азамат бір елді мекеннің аумағында қала отырып, басқа сайлау учаскесінде немесе басқа сайлау округінде дауыс бергісі келсе, есептен шығару куәлігін пайдалана алмайды.
Сонымен қатар есептен шығару куәлігін алу мерзіміне де назар аударған жөн. Құжаттарды беру дауыс беру күнінің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады. Сондықтан бұл мәселені соңғы күнге қалдырмаған дұрыс.
Сайлау күні азамат өзі уақытша жүрген жердегі сайлау учаскесіне есептен шығару куәлігімен барады. Құжаттары тексерілгеннен кейін учаскелік сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізіміне енгізіп, дауыс беруіне мүмкіндік береді.
Бүгінде сайлау процесіне қатысты қажетті ақпаратты қашықтан да алуға болады. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында сайлауға қатысты мәліметтер мен түсіндірмелер жарияланады. Сонымен бірге дауыс беруді ұйымдастыруға байланысты сұрақтар бойынша аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына жүгінуге болады.
Сайлау барысында қандай да бір даулы жағдай туындаса, азамат өзінің құқықтарын қорғау тетіктерін де білуі қажет. Егер сайлау өткізу кезінде заң талаптары бұзылды деп есептесе, ол жоғары тұрған сайлау комиссиясына, сотқа немесе прокуратура органдарына шағымдануға құқылы. Мұндай жағдайда өтініш құқық бұзушылық жасалған күннен бастап он күн ішінде берілуі тиіс.
Демек, дауыс беру күні тіркелген мекенжайда болмау азаматтың сайлауға қатысу құқығынан айырылатынын білдірмейді. Ең бастысы – қажетті тәртіпті алдын ала біліп, тиісті құжаттарды уақытында рәсімдеу.
Әділ БЕК

