Геннадий Головкин жаңа қызметке тағайындалды
Қарағандыдан шыққан жерлесіміз, қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Геннадий Головкин халықаралық спорт ұйымындағы жаңа қызметке тағайындалды. Ол 2026–2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде сайланды.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметінше, сайлау 12-қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті.
Жаңа қызметінде Геннадий Головкин Азия мен Еуропадағы Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің атынан ISSA жұмысына қатысады. Ол ұйымның алдағы жұмыс бағыттарын айқындауға, Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге қолдау көрсетуге және спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға үлес қоспақ.
Сонымен қатар жерлесіміз ISSA-ға мүше елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға атсалысады. Оның халықаралық спорттағы мол тәжірибесі мен беделі ұйымның алдағы бастамаларын жүзеге асыруға септігін тигізбек.
Геннадий Головкиннің жаңа қызметке сайлануы – қазақстандық спорт үшін маңызды жаңалық. Қарағандыдан түлеп ұшқан әйгілі боксшының халықаралық спорт саласында жауапты қызметке келуі – туған жері үшін де зор мақтаныш.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

