Ертегі кітаптардың тұсауы кесілді

Қарағандыдағы Қасым үйінде «балалар әдебиеті жылы» аясында ертегі кітаптардың таныстырылымы өтті.

Мәселен, «Берке аю және кәсіп» деп аталатын кітапта іскер аюдың кәсіп ашуға деген ынтасы, сол арманына жету жолындағы бастан кешкен қызықты хикаялары баяндалады. Автор осы арқылы бүлдіршіндерді есеп-қисапқа үйретіп, қаржылық сауатын арттыруды мақсат тұтқан. Кітаптың әр беті көздің жауын алатын түрлі-түсті суреттермен безендірілген, соңында кішкентай оқырмандарға арналған сауалдар бар. Ал ертегінің аудионұсқасына арнайы сілтеме берілген.

– Қазір балалар арасында кең танылған әрі үлкен сұраныстағы кітабымыз – осы. Әйгілі «Маша мен Аю» мультфильміндегі аюдың бейнесі бүлдіршіндердің санасына әбден сіңіп қалған. Біз сол персонажды ауыстыруға уақыт өлтірмей, аюды қазақша сөйлетуді жөн көрдік. Бұл сериялық кітап болады. Болашақта «Берке аю және денсаулық», «Берке аю және білім» деген кітаптарды жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді авторы Айбек Қуатбай.

Жоба жетекшілері тек соңғы екі жыл ішінде 30 мың тиражбен 11 кітапты жарыққа шығарыпты. Олар 4 құндылықты қазық етіп алған: адами, ұлттық, таным және қоршаған орта. Солардың барлығын бір арнаға тоғыстырып, өскелең ұрпақтың санасына ертегі арқылы жеткізуді көздейді. «Қазіргі балаларға Алдаркөсе мен Қожанасырды оқыта алмайсыз. Гаджетке телмірген жас буынның кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін қазіргі заманға сай шығармалар жазып, технологиялық үдерістерді кеңінен пайдалану керек», – дейді балалар контентін жасаушылар.

Асыл АЙБЕК,

«QH»