Ел чемпионатының чемпиондары

Қостанай қаласында жастар арасында асық ату мен бес асықтан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 80-ге жуық жас спортшы төрт күн бойы ұлттық спорттың көрігін қыздырып, өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсекеде Қарағанды облысының намысын Бұқар жырау ауданының спортшылары Ержан Солтан, Батырхан Балташ және Данияр Путятин қорғады. Жарыс қорытындысында Ержан Солтан блиц бағдарламасында күміс жүлдені жеңіп алып, облыс қоржынына жүлде салды.

Ел чемпионаты төрт бағдарлама бойынша ұйымдастырылды. Ұлдар дәстүрлі асық ату мен блиц түрлерінде бақ сынаса, қыздар дәстүрлі бес асық және блиц бағдарламаларында өзара шеберлік байқасты. Елдің үздік спортшылары қатысқан жарыста әрбір кездесу тартысқа толы өтті.

Қарағанды атынан сынға түскен үш спортшы да республикалық додаға кездейсоқ келген жоқ. Олар мамыр айында өткен облыс чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, ел біріншілігіне жолдама алған болатын. Бұл жолы да жас спортшылар сенімді ойын өрнегін көрсетіп, өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланды.

Ержан Солтан жекелей сында тоғыз кездесу өткізіп, оның алтауында жеңіске жетті. Үш ойында қарсыластарына жол беріп, жалпы есепте жетінші орынға тұрақтады. Ал блиц бағдарламасында оның шеберлігі ерекше байқалды. Олимпиадалық жүйемен өткен жарыста әрбір жеңіліс спортшының жарыс жолынан шығуына себеп болатындықтан, қатысушыларға үлкен жауапкершілік жүктелді. Ержан алғашқы бес кездесуінде қарсыластарының бәрінен басым түсіп, финалға дейін сүрінбей жетті.

Алтын жүлде сарапқа салынған ақтық кездесуде ол Түркістан облысының тәжірибелі спортшысымен күш сынасты. Тартысты өткен финалда қарсыласы шешуші сәтте басымдық танытып, Ержан күміс жүлдені қанағат тұтты. Дегенмен бұл нәтиже жас спортшы үшін үлкен жетістік. Себебі ол республикалық деңгейдегі алғашқы жарысында-ақ жүлдегерлер қатарынан көрінді.

«Арлан» спорт клубының жаттықтырушысы Айдар Қабыкенов шәкіртінің өнеріне жоғары баға берді.

– Ержан финалда былтырғы ел чемпионатының жеңімпазымен кездесті. Қарсыласы тәжірибесі мол спортшы болды. Бірінші кезеңде Ержан жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жетті. Екінші кезеңде қарсыласы таразы басын теңестірді. Ал шешуші сында тәжірибесінің арқасында бір асық артық алып, жеңіске жетті. Ержан үшін бұл республикалық деңгейдегі алғашқы чемпионат болды. Соған қарамастан ауылда дайындалып, осындай үлкен жарыста жүлде иеленуі өте жақсы нәтиже деп есептеймін. Соңғы екі жылда оның ойын деңгейі айтарлықтай өсті. Болашақта бұдан да биік белестерді бағындырады деп сенемін. Қазірдің өзінде Өскемен қаласында өтетін жастар арасындағы командалық Қазақстан чемпионатына дайындықты бастап кеттік. Осы үш спортшымыз да облыс намысын қорғайды. Алдағы жарысқа жан-жақты әзірленіп жатырмыз», – дейді жаттықтырушы Айдар Қабыкенов.

Батырхан Балташ пен Данияр Путятин де ел чемпионатында лайықты ойын көрсетті. Екеуі де жекелей сында тоғыз кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, жақсы нәтиже тіркеді. Данияр блиц бағдарламасында ширек финалға дейін жетіп, бұл кезеңде Ақтөбе облысының спортшысына есе жіберді. Ал Батырхан жарыстың екінші айналымында жарыс жолын аяқтады.

Ұлттық спорт түрлерінің дамуына мұндай жарыстардың берері мол. Жас спортшылар тәжірибе жинақтап қана қоймай, өздерінің шеберлік деңгейін шыңдай түседі. Қостанайдағы ел чемпионатында көрсеткен нәтиже Бұқар жырау ауданында асық ату спортының жүйелі түрде дамып келе жатқанын аңғартты. Ендігі кезекте жерлестеріміз Өскеменде өтетін командалық Қазақстан чемпионатында да табысты өнер көрсетіп, облыс абыройын асқақтатуды мақсат етіп отыр.

Ералы ҒАНИ,

«QH»