Екпе ауқымы кеңейеді

Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация бағдарламасы кеңейтілмек. Келесі жылдан бастап пилоттық режимде 11 жастағы ұл балаларға да АПВ-ға қарсы екпе салу жоспарланып отыр.

Бұл туралы таяудағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын таныстыру барысында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді. Келер жылы денсаулық сақтау саласына 2,5 триллион теңге бөлу көзделген. Қаражаттың бір бөлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, дәрі-дәрмекпен қамтуға, медициналық сақтандыруға және АПВ-ға қарсы вакцинацияға бағытталады.

АПВ – 200-ден астам вирусты қамтитын топ. Оның кейбір түрлері қатерлі ісік ауруларының, соның ішінде жатыр мойны обырының дамуына себеп болуы мүмкін. Вакцина вирустың қауіпті түрлерінен қорғануға және инфекциямен байланысты онкологиялық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинация 2024 жылдың қыркүйегінде басталған. Қазіргі таңда екпе 11-13 жастағы қыздарға жүргізіледі. Вакцина Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне енгізілген және ата-ананың немесе заңды өкілдің келісімімен ерікті түрде салынады.