Қарағандының болашақ экопаркіне тағы 500 көшет отырғызылды

Қарағандыда аумағы 200 гектардан асатын экопарк қалыптастыру жұмыстары жалғасып келеді. Дүниежүзілік тазалық күніне орай «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында саябақ аумағына тағы 500 көшет егілді.

Шараға студенттер мен волонтерлер, сондай-ақ «Талдау мектебінің» қатысушылары мен түлектері қатысты. Олар қаланың көгалдандырылуына үлес қосып, болашақ экопарктің жасыл желегін толықтырды.

Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ардана Мырзанованың айтуынша, экологиялық бастамаға табиғатқа жанашыр тұрғындар, студенттер мен еріктілер арнайы шақырылған.

– Экологиялық акцияға қаламыздың табиғатына бейжай қарамайтын тұрғындарды, студенттер мен еріктілерді шақырдық. Осындай игі бастамалар адамдарды ортақ іске жұмылдырып, қаламыздың жасыл желегін көбейтіп, оны жайлы әрі көрікті етуге мүмкіндік береді. Мұндай акциялар Қарағандыда ғана емес, облыстың өзге де қалалары мен аудандарында өтіп жатыр, – деді Ардана Мырзанова.

Көшет отырғызу жұмысына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев та қатысты.

– «Таза Қазақстан» – Мемлекет басшысының аса маңызды бастамаларының бірі. Бес жылдан кейін осы жерге қайта келгенімізде, мұнда тұтас бір орман бой көтереді. Сол кезде осы саябақтың іргесін қалауға өз үлесімізді қосқанымызды мақтанышпен айтатын боламыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

IT-бизнес колледжінің студенті Максим Федкевич үшін бұл акцияның орны ерекше. Себебі ол алғаш рет ағаш отырғызуға қатысты.

– Бұл – өз қолыммен отырғызған алғашқы ағашым. Сондықтан мен үшін оның орны ерекше. Бүгін біз қаламыздың көркейіп, абаттануына ғана емес, оның болашағына да өз үлесімізді қосып жатырмыз. Жастар осындай игі бастамалардан шет қалмай, белсенді араласуы керек деп ойлаймын. Өйткені бұл қалада өмір сүріп, оны одан әрі дамыту – біздің еншіміздегі міндет. Уақыт өте келе бұл саябақ қала тұрғындары серуендеп, тынығатын жасыл әрі жайлы мекенге айналатынына сенімдімін, – дейді Максим Федкевич.

Экопаркті қалыптастыру жұмыстары биыл мамыр айында басталған болатын. Алғашқы кезеңде оның аумағына емен, алма, қарағай және қарағаштың 4 мың көшеті отырғызылды. Сонымен қатар саябақ аумағына «Таза Қазақстан» деген жазуы бар символикалық тас орналастырылды.

Қазіргі уақытта отырғызылған ағаштардың басым бөлігі жерсініп, тамырын бекіткен. Жас көшеттерді тұрақты түрде суару үшін аумақта тамшылатып суару жүйесі орнатылды.

Экопарк аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Жаңа көшеттердің отырғызылуы қаланың жасыл аумағын кеңейтіп, болашақта тұрғындар серуендеп, тынығатын жайлы кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»