Қарағандылық спортшы Азия ойындарында қола жүлде алды

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау кіші сержанты, BATYR TEAM өкілі Санжар Әділов Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды.

Санжар Әділов 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде дәстүрлі аралас жекпе-жек бойынша Қазақстан намысын қорғады. Жарыстың жартылай финалында ол Тәжікстан өкілі Отабек Раджабовпен кездесті. Тартысты жекпе-жек қорытындысында тәжікстандық спортшы басым түсіп, Санжар жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Биыл аралас жекпе-жек Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілді. Осылайша, Санжар Әділов Қазақстан атынан осы спорт түрінен Азия ойындарында жүлде иеленген алғашқы спортшылардың бірі атанды.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет атқаратын спортшы үшін бұл халықаралық додадағы маңызды жетістіктердің бірі болды. Санжар Әділовтің қола медалі Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы қоржынына қосылды.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»