Еңбек нарығында мүмкіндік көп, бастысы – лайықты жұмыс табу

Алдағы бес жылда Қазақстан экономикасына 2,9 миллион қызметкер қажет болады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамынша, олардың бір бөлігі жаңадан ашылатын жұмыс орындарына тартылса, қалғаны зейнетке шығу және кадрлардың ауысуы салдарынан босаған орындарды толықтырады. Алайда бос жұмыс орындары болғанымен, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің талаптары үнемі сәйкес келе бермейді.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, бір бос жұмыс орнына 20-дан астам үміткерден келеді. HeadHunter Орталық Азия мәліметінше, елде жарияланған бос жұмыс орындарының саны шамамен 120 мың болса, белсенді түйіндемелер саны екі миллионға жуықтаған. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша бір вакансияға орта есеппен 16 адам үміткер болған. Бұл еңбек нарығындағы бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетеді.

Жұмыс берушілер де білікті маман табуда қиындықтарға тап болады. Мәселен, тігін цехының директоры Александр Шин бірнеше бос орынға он жылдан бері қызметкер іздеп жүргенін айтады. Оның сөзінше, жұмысқа орналасқан жастардың кейбірі бір-екі айдан кейін-ақ басқа салаға ауысып кетеді. Ал тігін өндірісінде тәжірибе жинап, күрделі операцияларды меңгеруге уақыт қажет.

«Бізде негізінен, ашығын айтқанда, зейнет жасындағылар жұмыс істейді. Өйткені олардың тәжірибесі де, икемі де бар. Ал жастар жұмысқа орналасқан күннің өзінде тәжірибесі болмайды. Тиісінше, жалақылары жасаған жұмысына қарай, разряд бойынша төленеді. Күрделі операциялар берілмейтіндіктен, жалақы да төмен болады. Жастар болса бірден, дәл қазір сәнді өмір сүргісі келеді. Содан кейін бәрі бұл мамандықтан кетіп қалады. Сөйтіп маникюр, педикюр, жалпы макияж саласына кетеді», – дейді тігін цехының директоры Александр Шин.

Еңбек нарығындағы жағдайға қатысты Қарағанды облысының Еңбек мобильділігі орталығы да жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы талаптарды үйлестірудің маңызын атап өтеді. Орталық басшысы Нұржан Сыздықовтың айтуынша, өңірде түрлі жалақы деңгейіндегі жұмыс орындары бар. Алайда кейбір азаматтар ұсынылған жұмыстың жалақысына, орналасқан жеріне немесе жұмыс кестесіне көңілі толмайды.

«Жұмыс бар, ең бастысы – адамның ниеті болуы керек. Қазір жұмыс берушілер де көп, бәсекелестік те жоғары. Жалақы мөлшері де әртүрлі: 85 мың теңгеден бастап 500-600 мың теңгеге дейін жетеді. Кейбіреулерге жалақысы ұнамайды, енді біріне жұмыс орнының орналасқан жері немесе жұмыс кестесі қолайсыз. Меніңше, бәрі адамның өзіне байланысты. Егер адам жұмыс істегісі келсе, жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар», – дейді Қарағанды облысының Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Нұржан Сыздықов.

HeadHunter Орталық Азия өкілі Мұхамед Бағдатұлының айтуынша, жұмыс іздеушілер арасында қызмет көрсету, сату, маркетинг, тау-кен өндірісі және ақпараттық қауіпсіздік салаларына қызығушылық жоғары. Ал әкімшілік қызмет, туризм, қонақүй және мейрамхана бизнесі, ғылым мен білім, медицина бағыттарында жарияланған бос орындар санының азайғаны байқалады.

Мамандардың пікірінше, жұмыс табуда кәсіби дағдылар мен еңбек нарығындағы сұранысқа бейімделу маңызды. Сондықтан жұмыс іздеп жүрген азаматтарға мансап орталықтарының қызметін пайдаланып, қайта даярлау курстарына қатысуға және жаңа мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік бар. Мемлекеттік жұмыспен қамту шаралары да еңбек нарығына қайта оралуға, біліктілікті арттыруға және жеке кәсіп бастауға бағытталған.

Жұмыспен қамту саясатының негізгі міндеттерінің бірі – азаматтарға тұрақты табыс табуға жағдай жасау және жұмыс берушілердің кадрға деген сұранысын өтеу. Ол үшін бос жұмыс орындары туралы ақпаратты қолжетімді ету, жұмыс іздеушілердің кәсіби мүмкіндіктерін дамыту және ұсынылатын қызметтің нақты талаптарын ескеру қажет.

Еңбек нарығындағы мүмкіндік тек бос орындардың санымен өлшенбейді. Азаматтың білімі мен дағдысы жұмыс берушінің талабына сай келіп, ұсынылған жұмыс жағдайы екі тарапқа да қолайлы болғанда ғана тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашылады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»