Дәрігерлерге – баспана

Биыл медицина қызметкерлеріне 212 пәтер беріледі. Жергілікті билік өңірге білікті кадрларды осылай тартпақшы. Мамыр айының соңында 45-орамдағы көпқабатты тұрғын үйге мамандар қоныстандырылады. Ал тамыз айында теміртаулық дәрігерлерге баспана беріледі. Әкімдікте өткен алқалы жиында денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен жас мамандарды тарту мәселесі айтылды.

Дәрігерлерге берілетін баспаналар жиһаздармен және тұрмыстық техникамен жабдықталған. Және мұндай пәтерлер Қарағанды облысының бірқатар ауданында жас мамандарға ұсынылады. Мәселен, мамыр айының соңында 45-орамдағы үйге 92 отбасы қоныстанса, тамыз айында кеншілер шаһарынан тағы да 40 пәтер дәрігерлерге беріледі. Теміртау қаласында да биылғы жылдың соңына дейін 35 жас медицина қызметкерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

– Дәрігерлер тапшылығын мамандарға қызметтік пәтер беру, қолдау арқылы шешудеміз. Ол пәтерлер қажетті тұрмыстық техникамен, жиһазбен жабдықталған. Сіздердің қолдауларыңызбен биылғы жылы 212 қызметтік пәтерді табыстаймыз. Осы жылдың наурыз айында Доскей кентінде 45 пәтерлі үй берілді. Ауыл-аймақта денсаулық сақтауды жаңғырту аясында бізде 14 нысан тұрғызылды. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде медициналық 6 ғимарат салынды. Енді әлі де болса күрделі жөндеуді қажет етер нысандар бар, соларға қатысты жобалар бар. Жалпы құны 4 миллиард теңгеден асатын 9 жоба қарастырылып отыр. Бұл жобаларды қаржыландыру 2025 жылға да қарастырылған, – деп атап өтті Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

– Қазақстанда перинаталдық орталықтар салу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында облысымыздың Оңтүстік-Шығыс ауданындағы жаңа Балалар клиникалық ауруханасының жанынан 200 орындық орталық салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Қажетті құжаттар осы жазда дайын болады. Құрылысты қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

– Аймағымызға кадрлар тарту – бірінші кезектегі мәселе. Құрылғы-қондырғыларда жоғары санатты мамандар жұмыс істеуі керек. Бұл – негізгі тапсырмалардың бірі. Мен Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларына жиі барып жүремін. Көптеген проблема бар, негізі, облысымыздың көптеген қаласы мен аудандарында маман тапшылығы мәселесі өзекті. Бұл қажеттілікті барынша шешіп жатырмыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.

Өткен жылы Қарағанды облысында «Менің емханам» жобасы аясында емханадағы ең үздік дизайн жобасы байқауы өткізілді. Шенеуніктер осы тұрғыда емханаға келушілерге қолайлы жағдай жасауды көздеп отыр. Нәтижесінде биыл жазда Пришахтинск және Балқаш қаласында екінші емхана ашылады. Бұл ретте Балқаш қаласында ауданаралық аурухана құру аясында қабылдау-диагностикалық бөлімше құрылысы және бұрынғы шипажай ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қажеттігі де айтылды. Осы мәселеге қатысты өтініш-сұранымды шенеуніктер Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»