Cуретші қолдауға мұқтаж

Өнерліге өріс кең болғанымен, қаржы – қолбайлау. Халықаралық антиядролық қозғалыс белсендісі, танымал суретші Кәріпбек Күйіковтің бүгінгі жағдайын осындай бір ауыз сөзбен түсіндіруге болатындай. Қолмен емес, ауызбен сурет салып, айтарын қылқалам құдіретімен суреттеп жеткізер талантты жанның еңбегін елеген ел көп. Солардың бірі Франция елі суретшіні жеке көрмесімен өздеріне шақырған. Бір жыл бұрын түскен бұл ұсынысты құп көрген Кәріпбек жат жерде Қазақстан атын асқақтату үшін тынбай еңбектеніп, көрмеге көп дайындалған. Алайда суреттегі қиялымен жеткен сол елге аяғымен жетуі мұң болып отыр. Қашандағыдай қаржы – қолбайлау.

Кәріпбек Күйіков – ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі ретінде, таланттыға тұсау болмасын танытқан дарынды суретші ретінде талай елге танымал тұлға. Тағдыры кинотуындыға арқау болған күрескер жанды шетелдіктер тау тұлғаға балайды. Оның шексіз шығармашылығына тәнті болғандар Ренн және Париж қалаларында суретшінің жеке көрмесін көруді аңсайды. Ұйымдастыруға да ұсыныс сол жақтағы таныстарынан түскен. Үлкен көрмені 26 қыркүйек – Халықаралық ядролық қаруды жою күніне орайластыра өткізуді көздеген. Бұл күнге орай нақ осы Кәріпбектің шақырылуы да тегін емес. Себебі ол – халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты мәртебелі марапатына әлем бойынша лайық деп танылған бес адамның бірі. Сырт елден шығармашылығына деген шексіз құрмет, туындыларына деген табыну бар. Бірақ өз елімізде қылқалам шеберіне қолдау жетіспей отыр. Қаржылық қиындық салдарынан оның жол шығыны, туындыларының Парижге дейінгі тасымалына теңге табылмай отыр. Қажетті сома 6,5 мың еуро. Ал апарғысы келген картиналар саны жиырма.

– Әрине, сандаған туынды арасынан таңдаулыларын апаруды көздедім. Ол жерде мен ядроға қарсылық тақырыбындағы ғана суреттерді емес, Қазақстанның кең жазира даласын суреттеген, ұлттық құндылықты көрсеткен тілсіз сөйлер туындыларымды апарсам дедім. Онда да мен жеке басым мақұлдап жолға шығып кете бермеймін. Мәдениет басқармасынан әр туындының түсін түстеп, атауын атап, санына сай растаушы құжат алам. Ол арқылы мен шекара асқанда бұл картиналардың мемлекет меншігінде емесін растаймын. Осылайша авторлық еңбегім екенін дәлелдеймін. Менің Қарағанды музейлерінде тұрған арнайы тізімге алынған еңбектерім де бар. Міне, оларды мен сатуға да, шетелге шығаруға да құқығым жоқ. Қысқасы, мен сырт елдерде көрме өткізу талаптарын жақсы білем, тек қолдау болса, – дейді Кәріпбек Күйіков.

Жолсапарға қажетті қаражат жинастырмақ мақсатында есепшот ашылған. Алайда онда жиналған қаржы аздық етуде. Діттеген датаға дейін қажетті қаражат жиналарына күдік басым. Дегенмен жақсылықтан үмітті жан дайындығын жалғастырып, әр картинасына жекелей құжат рәсімдеп қамданып жатыр. «Бойымда қуат барда сурет өнерінен сырт айналмаймын» деп серт берген жанды бұл қаржылық қиындық сындырмасы анық. Дегенмен өзге ел өзеуреп тұрғанда, өз еліңнен қолдау таппаудың қынжылтары анық. Қалай болғанда да, қазіргі есепшотқа қаржы аударып жатқан қарапайым жұртқа айтар алғысы шексіз. Қолы жоқ болса да, қиялы шексіз, мақсаты айқын азаматқа қаржылай қолдау көрсетемін деген жомарт жандар болса, Инстаграм қосымшасындағы kuyukov_in_france парақшасы арқылы қолдау қажеттігі жайында ақпарат алуға болады.

Halyk Bank картасының нөмірі: 4405 6397 5132 0415.

ЖСН: 680718350095.

«Қарағандының Француз Альянсы» ҚБ шоты: алушы «Kaspi Bank» АҚ.

БИК: CASPKZKA.

БИН/ЖСН: 210440021555.

Есепшот нөмірі KZT: KZ40722S000017070346.

Әсел Құсайынқызы,

«QH»